Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайланған ауыл әкімдері қандай мәселені шеше алады?

Сайланған ауыл әкімдері қандай мәселені шеше алады?

Сайланған ауыл әкімінің әрі қарай жұмыс істеуі де ауыл тұрғындарына байланысты болады. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси бөлімі басшысы Индира Рыстина білдірді.

Сарапшы атап өткендей, бүгін елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатыр. Бүгін тікелей дауыс беру арқылы 730 ауыл әкімі сайланады. Яғни ауыл тұрғындарының сайлауға барып, қатысуымен сайланады.

Сайлау құқығын пайдалана отырып ауыл әкімдерінің өзін-өзі ұсынуы не болмаса саяси партиялар арқылы ұсыну белсенді жүрді. Ел бойынша 3,5 мың кандидат мандатқа таласып отыр. Кей ауданда бір орынға 3-5 үміткердің таласып отырғанын байқап отырмыз. Жалпы республика бойынша өзін-өзі ұсынғандардың саны саяси партиялардың ұсынған кандидаттарынан көбірек. Бұл елімізде саяси белсенді азаматтардың көптігін және ауыл әкіміне таластың халық арасында белсенді жүріп жатқанын байқатады, - деп айтты Индира Рыстина.
Ол дәл қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының сайлауға белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Кем дегенде сайлау учаскелеріне ауыл тұрғындарының 10%-ы келіп үлгерген. Жоғары көрсеткішті Жамбыл облысы көрсетіп отыр.
Облыс тұрғындарының 30%-дан аса тұрғыны ауыл әкімдерін сайлауға келді. Бұл ауыл тұрғындары арасындағы саяси жауапкершілікті, саяси белсенділік пен мәдениет деңгейінің көрсеткіші. Сонымен қатар аталған сайлау арқылы елімізде саясатқа араласу, саяси белсенділіктің өсуі болады деп ойлаймын. Себебі әр азамат, әр ауыл тұрғыны өзінің әкімін сайлауға дауыс беру арқылы септігін тигізіп отыр. Яғни болашақта «бұл әкімді осы ауылдың тұрғындары сайлады деген көзқарас» қалыптасады. Сондай-ақ азаматты сайлап қана қоймай, сол үміткердің ұсынып отырған бағдарламасының жүзеге асырылуын ауыл тұрғындары бақылап отырады, - деді сарапшы.
Сөз арасында Рыстина ауыл әкімі сайланғаннан кейін ауылда болуы мүмкін өзгерістер туралы айтып берді.
Бұрын ауыл әкімдері жанама түрде сайланатын. Яғни аудандық мәслихаттар арқылы тағайындалатын. Ал қазіргі кезде тікелей халықтың, ауыл тұрғындарының сайлауы арқылы осы лауазымға отырады. Енді ауыл әкімінің жауапкершілігі арта түседі. Себебі енді ол өзінің сайлаушыларының алдында жауапты болады. Сондай-ақ сайланған әкімнің әрі қарай жұмыс істеуі де ауыл тұрғындарына байланысты болады. Яғни ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып көп проблеманы шеше алады. Одан бөлек, алдына қойған мақсаттарын да ауыл тұрғындарымен бірлесіп шешуіне болады, - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ауыл әкімі мемлекеттік саясатқа жетуді көздейтін, яғни мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын лауазым екенін ұмытпау керегін айтты.

Мемлекеттік саясаттағы белгілі бір индикаторларға жету үшін ауыл әкімі өзінің сайлауалды бағдарламасында ұсынған жобаларын жүзеге асыруы керек.
Яғни ол ауылына инвестициялар тара алады. Демек осының барлығын жасауға ауыл әкімі мүдделі болады. Жерді пайдалануға беру бойынша да бірқатар жұмыс атқарады. Ауыл тұрғындарының сайланған әкімге көзқарасы дұрыс болса, онда ол жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ тұрғындар әкімнің жұмысын бағалай алады. Яғни аудан мәслихатына өзінің сенімсіздігін білдіру арқылы аудан әкіміне кандидатураны алып тастауға ұсыныс жасай алады, - деп толықтырды Индира Рыстина өз сөзін.
Еске сала кетейік, бүгін елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүріп жатыр.

baq.kz

25 шілде 2021 ж. 460 0