Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Пара бермесең, бара бер...»

«Пара бермесең, бара бер...»

Бұл мәселеге баяғыда нүкте қойылуы керек еді. Глубокое ауданындағы «Прииртышье 1» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виктор Леонтьев кәсібін дөңгелетуде кедергілердің барын айтып, тиісті орындарға бір емес, бірнеше рет шағымданған. Алайда онысынан еш нәтиже шығара алмаған. Қайда жазса да, мәселенің шешімі аудандық әкімдікке келіп тірелген.
Енді міне, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары кәсіпкерден пара алды деген күдікпен құрықталып тынды.   
Ресми порталдардағы мәліметтерге көз жүгірт­сек, сот кабинетінде осы іс бойынша басты сот тал­қылауын 12 шілдеге тағайындау туралы 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулы жарияланған. Ол жерде істі тоқтата тұруға ешқандай негіз жоқ делінген. Яғни күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылған.
Ал аудан әкімінің орынбасары 24 сәуірде «При­иртышье 1» ЖШС басшысы Виктор Леонтьевтің ары­зынан кейін ұсталған көрінеді. Ол лауазымды тұл­ғалардың орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін ақша қаражатын бопсалау дерегіне және құны 56 миллион теңге болатын аудандық маңызы бар автожолдарды қысқы және жазғы күтіп-ұстау бойынша көрсетілетін қызметтерге тендер өткізу барысында оның кәсіпорны біліктілік талаптарына сәйкес келмеуін алға тарта отырып, заңсыз жарамсыз деп танылғанына шағымданған. Ал шын мәнінде, кәсіпорын 15 жылдан аса уақыт бойы аудан жолдарына қызмет көрсетіп келген екен.  Осыншама тәжірибесі бар ұжымның «біліктілік талаптарына сай келмей қалуының» өзіндік сыры бар болып шықты.
– Біздің компаниямыз бұған дейін мемлекет мен­шігінде болып, жол жөндеу жұмыстарымен айна­лысқан. 2019 жылы ғана жекешелендіріліп, тың күш­пен жұмысқа кіріскен. Алайда жекешелендіру шар­тының негізінде кәсіпорын 5 жыл ішінде өз бейінін өзгерте алмайды. Оның мақсаты – аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау. Яғни компания бұл жұмыстардан басқа жұмыстарды орындай алмайды. Сөйте тұра, бізге бұрын атқарып келген жұмысымызбен айналысуға мүмкіндік берілмегеніне қалай ренжімессің?! – дейді серіктестік директоры Виктор Леонтьев.
Оның айтуынша, жергілікті шенеуніктердің қаһарына ұшыраған кәсіпорынның 23 жұмыскері қазіргі уақытты жұмыссыз қалған. Ашпаған есігі, бармаған жері қалмаған соң Виктор Леонтьев облыстан әділдік табудан күдер үзіп, ел Президентіне жүгінуге мәжбүр болған. Мемлекет басшысы кәсіпкердің шағымын Бас прокуратураға тексеруді тапсырған. Оның нәтижесі белгілі бола бастаған сияқты. Пара алды деген күдікпен аудан әкімінің орынбасары ұсталғандығы – соның айғағы.
Ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, міне, осылай жүзеге асып жатқандығына Виктор Леонтьев сынды кәсіпкерлер үлкен үміт артып отыр. Шындығында, бұл тіптен Мемлекет басшысына жеткізбей-ақ, облыс деңгейінде шешілетін мәселе еді ғой.
Баяғыда жұрт: «Бастыққа пара берме, бара бер», деуші еді. Қазіргі шенеуніктер: «Пара бермесең, бара бер...», дейтін болғаны ма, қалай?
Қазір глубокоелықтар тергеу жүргізіліп жат­қан шулы істің соңы немен аяқталатындығын тағат­сыздана күтіп отыр. Өйткені қолданыстағы заңнама бойынша күдікке ілінген орынбасарының қылмысы сот арқылы дәлелденсе, аудан әкімі отставкаға кетуге тиіс. Жұрт көңілінде «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген емес пе?  Әділдік іздеген кәсіп­кердің де ендігі жағдайы қалай болар екен?..», деген алаңдаушылық та бар.

egemen.kz
04 тамыз 2021 ж. 191 0