Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтты қоныс

Құтты қоныс

Менің өмір өткелдерім сан қилы, әр қырынан үзіп-үзіп  жеткізгім келеді оқырманыма. Алланың қалауымен, жұмыс бабымен үлкен ұлымыз Қуаныш Қызылордадан Қорқыт ата университетін  "Қолданбалы математика" факультеті бойынша бітіріп, үлкен мекемеде программист болып жұмыс істеп жүрген. Аяқ астынан жұмыс орны Шымкентке көшті, баламыз да сол жаққа ауысатын болды.
Әуелі орналасып алайық деп, келінім Ақманат екеуі (ол да информатика маманы) Шымкентке кетті. Жұмыс жүріп кетті, үй берген. Көтерме жәрдемақы да берген. Алланың көмегімен жақсы орналасып алды. Бір күні ұлым Қуаныш:
– Мама, көшесің бе, бізге үй беріп жатыр,– деп қоңырау шалды.
Мен бірден Алла қаласа көшемін, көшемін деп жауап бердім. Бірақ менің ұстаған жолым бойынша мен тек аян алып қозғалуым керек еді. Оны балам өте жақсы біледі.
– Көшемін, бірақ сендермен бірге тұрамын ба, бөлек тұрамын ба, 2-3 күнде хабарын айтамын, – дедім.
Бейсенбі, жұма күндері аян алатыным бар еді. Бейсенбі күні бесін намаздан кейін көзім ілініп кетіпті. Құлағыма радиодан хабарлағандай "Белые воды, Манкент, Белые воды, Манкент" деп 9 рет қайталады. Дереу балама телефон соқтым:
– Белые воды, Манкент деген жер бар ма екен, соны біліп берші,–  дедім.
20 минуттан кейін  балам хабарласты:
– Иә, мама, сондай жер бар екен. Шымкенттен сәл әрі 20-30 минуттық жер, пойыз тоқтайды екен, – деді.
Қуанып кеттім, Алла өзің қолдағай деп жалбарынып жатырмын. Дереу үйді саудаға қойып, таңертең теледидарға бір-екі жүгіртпе жолға тапсырыс беріп едік. Кешке үйді сатып алушы келіп тұр. Дереу қол алысып, таңертең көшетін болдық.
Қас пен көздің арасында Құран оқытып, көршілерді шақырып жібердік те, "Камазға" тиеліп, көшпен жылжып кеттік. Жердің жәннаты, Қазақстанның Швейцариясы деген жерге келе жатырмыз. Жүрегімде еш толқу жоқ, қуанып келе жатырмын. Шымкенттен өте бере екінші балам Әлібек: "қайда бара жатырмыз, үйім мешіт дегенің қайда, мешітті тастап қайда бара жатырмыз?– деп ренішін білдірді. Мен:
– Алланың, бабалардың мені қолдағаны рас болса, Америкада жүрсем  де мені қолдайды, тек Алла жар болсын, әр ісімізді бір Алла қолдасын, әр ісімізді Алла өзі оңғарсын, – деп жауап бердім балама.
Заттарды тиеп жатырмыз. Ой, шелек те керек емес, леген де керек емес, темір кереует те керек емес, стол да керек емес деп, біраз нәрсені тастап кеттік.
   Манкентте бұрында қатысып, араласып жүрген досымыз Сара тұратын. Сол досымыздың үйіне маңдай тіреп бардық. Ақ пейілді, жарқын жүзді  досым құшағын жайып қарсы алды, төрінен орын берді. Заттарды сол үйдің корасына түсірдік. Үй тапқанша деп жайғасып алдық. Үйлер арзан, табыла қояды. Залог береміз, тоқтаған үйімізге келеміз, түнімен құдірет күш ұйқы бермейді, біресе шеге болып қадалады, біресе қаптаған инелер, біресе  айдап қуып жүреді. Сонымен осы алған белгілерім кідір деп тұрған шығар деп үй іздегенді қоя тұрдық. Залогты қайтып бермейді екен, біраз ақшаларымыз босқа кетті.
Бір күні ойда жоқта дәу қара "Джиппен" бір жігіт келді.  Көзінде қара көзілдірік, үлкен қызметте істейтіні көрініп-ақ тұр.
– Мәриям апай деген кісі бар ма? – деді.
– Иә, мен, – дедім.
– Біздің үйге сырға тағам деген екенсіз (мен түсінбей тұрмын, сырғасы несі деп), –деді.
– Жүріңіз, үйді  көріңіз, қазір кілтін беремін, сататын бағасынан екі есе арзан бағамен және ақшасын бірден бермейсіз, жартысын ертең, жартысын айдан кейін кеңсеме балаңыз екеуіңіз әкеліп бересіз, – деді.
Мен:
 – Сізді қайдан табамын? – десем, Шымкентте прокуратурада  прокурор болып істейді екен.
– Сізді ақ жолдың адамы деп естідім, үйді арақ ішпейтін, ақ жолдағы адамға сатуым керек деп жүр едім, сізді естіп келдім,–деді.
– Жүріңіз, үйге кіріңіз, кілтті алыңыз, құтты болсын, – деп үйіне кіргізді.
Аллаға шексіз рақмет, Аллаға шүкір, танымайтын жерге келіп, жап-жарық кең сарайдай үйге кірдік. 6 бөлме, сырты мәрмәрмен қапталған, моншасы, времянкасы, мал қорасы, бәрі-бәрі бар. Ал енді керек емес деп тастап кеткен нәрсенің бәрі керек болды ғой. Жерде бір шеге, бір сым, бір темір жатпайды ғой. Бәрін сатып алу керек болды, көшіп келгенде ол әрине ауырлау болды. "Енді көшсем, еш нәрсемді қалдырмаймын-ау" деп қоямын.
Үй үлкен, мәрмәрмен қапталған, темір жолдың арғы бетінде. Орналасып алдық. Көршіміз Миша, Тоня деген ағай мен тәтейдің бізге біраз көмегі тиді. Қызық екен, адамдар ағылып келе бастады, пісірген нандары бар, пирожки, самса, каймақ, қатық, тосаптары бар әкеліп столға кояды да, қолдарын жайып: "құтты болсын, бәле жетпесін, отырған орнымыз жоғалмасын" дейді.  Бәрінің айтатыны осы сөз, беттерін сипап кете береді. Көрпешенің астына орамал, мата, теңге тастап шыға береді. Бір күні орыс әжелер келді, олардың да бірнеше тұздалған қияр, тосап, селедка, жұмыртқасы бар. Олар да әкелгенін дастарқанға қояды да, алма-кезек мені құшақтап: "доченька, ты мое, Боженька ты наше, разреши нам к тебе приходить, доченька, ты наше" деп қояды. Мен аң-таңмын: "да, конечно, приходите, приходите" деп мақұлдап қоямын.
Мені шақырып, жандарына отырғызып: "садись, садись" деп әңгімелерін жалғастырды:
 – Бұл үйде Люба деген неміс әйел тұрған, Іленің тоқал ешкілерін баққан. Адам қабылдаған, ем жасаған, мықты емші болған. Келген адамдарға ем-домын аяқтаған соң, 200 грамм, 500 грамм ешкінің сүтін  беріп жіберетін. Келген адамдар тәуір болып кететін. Ол әйел Германияға көшіп кетті. Ол үйді сізге үйді сатқан прокурор жігіт сатып алған. Ол қызмет бабымен Шымкентке көшті. Орнында інісі калды. Араққа жақындау еді. Інісі арақ ішкен түнде прокурор жігіт ұйықтай алмапты, бабалары сабап, айдап алдына салып, осы үйге  алып келеді екен. Сөйтіп, інісін көшіріп жіберген қалаға. Бұл үй біз үшін мешіт, келіп сәл отырсақ, демалып, көңіліміз жай тауып, жақсы болып кетеміз, – деп ағынан жарылды.
Құрметтеп күтіп, шай беріп шығарып саламын келсе. Олар келген сайын бос келмейді, столды толтырып қояды. "Бұл үйдің сырын енді түсіндім" деп түйіп алдым ішімнен.
Гараж
Сонымен көшіп келген үйіміздің қорасында екі гараж болды. Біреуі көшеге қарап тұр, оның есігі ашық тұр, біреуі есігі үйге қарап тұр. Қора цифрлы құлыппен құлыпталған.
Көрші Витя ағай:
 – Марианочка, мына гаражды ашпаңдар, балалар есігін бұзып жүрмесін, бір күні сатқан жігіт өзі ашып береді, – деді
– Иә, – деп қоямын.
Ол гараж бізге керек болған да жоқ, сығалап та қараған жоқпыз. Не бар екен деп ойланған да жоқпыз. Осы кезде оқырманым ойланып отырған сияқты, ішінде не бар екен деп.
Бір жыл өткенде үйді бізге сатқан жігіт қасында 20 шақты жігіт бар үлкен машинамен келіп, гаражымызды босатып, заттарын тиеп алды.
Бір жыл бұрын туған інісі ұшақты сынау жаттығуы кезінде құлап, кайтыс болған екен (иманды болсын). Соның құрал-саймандары, бөлшектері, жеке заттары тұр екен, бәрін тиеп алды. Бауырға деген сағыныш, өкініштің көз жасы ма, бір бей-жай күйде тұрды...
Бәрін тиеп болғасын, маған қарап: "Мәриям апа, сізге үлкен рақмет, балаларыңыз өте тәртіпті екен, бақытты болыңыздар, – деп қолыма 200 доллар берді. Ол 200 доллар бізге 1 миллион теңге бергенмен бірдей болды. Қатты қуандым, бірақ сыпайылығым ұстап білдірмедім, салмақты болуға тырыстым.
– Апа, сізге гараждың ішінде бірнеше ай пұл болатын дүние қалдырдық,  – деп маған өте риза болғанын білдірді де, көлігіне мініп кетті. Гаражды ашсақ, ішінде сірестіріп тіреп жинаған бірнеше айналым, бірнеше қатар бос шынылар. Шынымен де 4-5 ай жуып өткізіп, пұлдарын қажетімізге жараттық. Бұл бізге біраз  көмек болды. Бұл да "керек тастың ауырлығы жоқ" деген тақырыпқа сәйкес келіп тұрғандай.
Бұл әңгімемнің жалғасы бар.
Мариям НҰРМАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
07 тамыз 2021 ж. 342 0