Сабыр түбі сары алтын
Биылғы жыл ауданымыз үшін аса жақсы болды деп айту қиындау болып тұр. Себебі жағдай осы елдегі ағайынға түсінікті. Сол қиындықты жеңу жолында ұстасқан қолдар бірлікке бастайтынын біз де жақсы білеміз. Алайда қанша адам болса сонша пікір бар. Менің айтарым, көмек маған берілмеді деп байбалам салудың қажеті жоқ секілді. Себебі көмек бірінші кезекте бұған дейін жергілікті билік есебіндегі әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға үлестіріледі. Айталық, қорасында бірлі-жарым малы бар, отбасына аз кіріс кіретін отбасылар бар. Міне, бірінше кезекте көмек соларға берілуі керек. Жергілікті билік қазіргі таңда алдымен осы мәселеге назар аударса, кейінгі кезекте аудандағы қуаңшылыққа қатысты өзге де мәселелер қолға алынып жатыр. Бүгінде сыр жағындағы жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында каналдар мен су арналарын бөгеу, тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Оның барлығын әлеуметтік желі мен мерзімді басылымдар арқылы біліп отырмыз. Біз бұл жұмыстарды барлығына түсіністікпен қараймыз. Себебі бұдан кейін де қыс бар, жаз бар. Сондықтан мүмкіндік барда жайылымдық жерлерге жағдай жасап, су арналарын реттеудің маңызы зор.
Иә, бірлескен істе береке бар. Халқымыз небір талайлы заманнан өтті. Соның барлығы расында бірлескен істің берекесі. Алла жазса бұл қиындықтан да өтерміз. Сондықтан сабыр қылайық ағайын. «Елде бар ерінге тиеді». Тек қай іске болмасын түсіністікпен қарасақ деймін.
С.Елеуов,
Арал қаласы
С.Елеуов,
Арал қаласы