Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыстың қамын жаз ойлайық

Қыстың қамын жаз ойлайық

Өткен шілде айының орта тұсында аудан бойынша орын алған қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланғаны есімізде. Міне оған да бір ай уақыт өтіпті. Әрине аз уақыт емес. Қолға алса қаншама жұмыс тындыруға болады. Солай болып та жатыр. Оған жергілікті басылымдар мен әлеуметтік желілерде жарияланған түрлі ақпарлар арқылы куәміз. Қаншама отбасы жем-шөппен қамтылды. Суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстарға да көз жеткізді.
Айталық, осы кезге дейін аудандағы мал басының есебі жүргізіліп, нәтижесінде барлығы 205 822 бас төрт түлік малға 180 күнге азық болатын 184 640 тонна шөп қажет екендігі есептелген екен. Осы қажеттілікке сәйкес бүгінгі күні ауданға 11596 тонна шөп азығы және 535,6 тонна жем азығы жеткізілді. Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау» каналын қазу, Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасын бөгеу және Мергенсай елді мекені «Үшшоқы» мал жайылымдық жерінде су ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кеткен. Мұның барлығы қыстың қамын жаз ойлап, дер кезінде халыққа жәрдем қолын созған жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар. Десе де "үкімет береді, бізге қарайласады" деп қол қусырып жатуға болмайды. Әркім малды өзі үшін баққан соң, өзі қарекет қылу керек. Сондықтан қыстың қамына осы бастан кірісіп, мал азығына қажетті жем-шөп қорын алу керек.
Иә, «Береген қолым алаған» деп тіленшілікке бой алдыру жарамас. Сондықтан қазірден бастап бұл мәселеге терең үңіліп, қысқа қажетті жем-шөпті мол алудың қамын қылу керек. Биліктен берілетін көмек уақытша ғана. Соны естен шығармайық!
А. АМАНОВ,
Арал қаласы
13 тамыз 2021 ж. 411 0