Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықпен етене құрылым

Халықпен етене құрылым

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылы 7 сәуірде құрылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері болуды мақсат тұтқан мекеме қазіргі таңда  мемлекеттік реестрдегі қызметтердің 96,5%-ын көрсетеді. Осы 5 жыл көлемінде корпорация арқылы 150 миллион қызмет ұсынылды. Республика бойынша 339 Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО), 442 БЭК-ОФИС, 21 цифрлық қызмет көрсету орталығы, 32 мамандандырылған ХҚКО және 69 мобильді ХҚКО қызмет көрсетуде.
Осы орайда халыққа жаппай танымал емес қызметтердің бірі – Бэк-офис жайлы аз ғана ақпарат бере кетсек те артық болмас. Ауқымды жұмыс атқаратын бұл қызмет түрі жайлы өте кең көлемде ақпарат айтуға болады. Бірақ негізгі міндеті жайында айтар болсақ, бэк-офис – қаржы нарығында жұмыс істейтін ұйымның активтері мен міндеттемелерін басқаруға қатысатын бөлімдердің жұмысын қамтамасыз ететін жедел және есеп бөлімі. Бэк-офистің міндеті – фронт-офистің диллерлерімен (трейдерлерімен) жасалған нарықтық операцияларды сондай-ақ, қаржы ресурстарын қайта бөлу шеңберінде ұйым бөлімдері арасындағы талдамалық (ішкі) операцияларды құжаттық және электрондық тіркеу және қолдау болып табылады. Бұл жайында неге айтып отырмыз? Оның пайдасы жайлы қазір білетін боласыздар.
Азаматтарға арналған үкіметтің құрылғанына 5 жыл толғаны жайлы айттық. Корпорация алғашқы күннен бастап түрлі даму кезендерінен өтті. Біріктірілген сала қызметкерлерінің алғашқы тәжірибе алмасуынан бастап, ұжымдық бірлікке жетелейтін сапа саласындағы арнайы саясаты бекітілді. Осы саясат пен мемлекеттік корпорацияның 2018-2022 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру бойынша негізгі бағыттары берілді.
Міне, соның нәтижесінде 2020 жылдың қаңтар айынан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа форматтағы жәрдемақы тағайындауда әлеуметтік сала бөлімдері, яғни бэк-офис арқылы орасан жұмыстар атқарылды. 2020 жыл қазақстандықтар үшін корона дағдарыс кезеңі болды. Карантин талабын орындап, үйлерінде отыруға мәжбүр болған тұрғындар мемлекеттік қызметті қашықтан алуға, электронды-цифрлық қолтаңбамен жақын танысуға талпынып, цифрлық қызметтің қыр-сырын үйрене бастады. Соңғы деректерге сүйенсек, 2020 жылдың өзінде қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейі 83%-дан асты. Барлық саланы цифрландырудағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты 2018-2022 жылдар арасында халықтың цифрлық сауаттылығын 77% -дан 83%-ға арттыру еді. Демек жоғарыдағы көрсеткіштен біз ол межені бағындырғанымызды анық байқаймыз. Бұл – қазақстандықтардың цифрлық сауаттылыққа ден қойып келе жатқанының көрінісі. Бұл қарқынды қазіргі ақпараттық заман талабымен түсіндіруге болады. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету саласында қызметтер жаппай автоматтандырылып, оңтайландырылып, түрлі инновациялық-цифрлық жобалар енгізіліп жатыр.
Жұмысқа талап етілетін қағаз анықтамалар саны да барынша қысқарды. Оның үстіне, елімізде кең ауқымда жүргізіліп жатқан жүйелі іс-шаралар да өз нәтижесін беріп жатыр. Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиал жүйесінде банктік, қаржылық, әлеуметтік салаларындағы жұмыс тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Бастапқыда зейнетақы реформасын іске асыру мақсатында құрылған, ал бүгінгі күні Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиалы республиканың әлеуметтік және қаржылық жүйесінде көптеген мемлекеттік маңызы бар функцияларды орындайды.
Әлеуметтік қызметтер порталы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне енетін өзге де мәселелері бойынша ақпараттық кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Арал аудандық әлеуметтік сала бөлімі өз кезегінде жыл сайынғы Президентіміздің дәстүрлі Жолдауында көрсетілген әлеуметтік қолдау бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға өз үлесін қосып келеді.
Аудан тұрғындарының да әлеуметтік төлемдерін мерзімінде алуы мен сапалы қызмет көрсету ең бірінші міндеті болып саналады. Бүгінгі таңда бөлімде 7749 жасына байланысты зейнетақы алушы, 3004 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы, 2425 мүгедектігіне байланысты, 3354 көпбалалы отбасы және басқа да түрлі санаттағы төлем алушыларды қосқанда барлығы 17282 жәрдемақы алушыларға ай сайын төлем жүргізілуде. Төлемдердің мерзімді төленуі үшін қазіргі уақытта мекемеде 9 қызметкер жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, бөлім басшысынан басқа бас мамандар тағайындалған төлемдер мен бет есептердің дұрыстығын тексеріп, құқық қорғау, сот органдары мен кірістер басқармасымен жұмыстарды үйлестірумен, жетекші мамандар  зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін тағайындауға келген азаматтарға керекті құжаттарды айтып түсіндіру, оны орындау және төлемге енгізумен айналысады. Сонымен қатар мұрағатшы мұрағатта сақталған 20 мыңнан астам құжаттарды қабылдау, сақтау, есепке алу жұмыстарын жасайды.
                
М. ЖАНАЕВ,
Азаматтарға арналған үкімет МККе АҚ
Қызылорда облысы бойынша филиалы
 Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі
Арал аудандық бөлімінің басшысы
21 тамыз 2021 ж. 375 0