ҰБТ-ны қайта тапсыру қанша тұрады?

15 және 19 тамыз аралығында ҰБТ мен кешенді тестілеуді (КТ) ақылы тапсыруға болады, деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
ҰБТ мен КТ сынақтарын кім тапсыра алады?
- Шектік балл жинай алмаған түлектер;
- ҰБТ нәтижесі жойылған түлектер;
- ҰБТ-ға қатыспаған түлектер.
ЖОО-да комиссиялар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында өтініш қабылдайды.
Екінші рет ҰБТ және КТ сынақтарын талапкерлер қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсыра алады.
ҰБТ мен КТ қандай пәндер бойынша жүргізіледі?
- Қазақстан тарихы;
- Математикалық сауаттылық;
- Оқу сауаттылығы (білім алған тіл бойынша);
- Екі бейінді пән.
Тестіні ағылшын тілінде тапсырғанда, түлек "Қазақстан тарихы" пәні бойынша сынақты қазақ немесе орыс тілінде орындауы тиіс.
ҰБТ және КТ тапсыру қанша тұрады?
ҰБТ-ны қайта тапсыру және КТ бағасы 2242 теңге, бұл соманы талапкерлер Қазпошта бөлімі немесе Халық банкі арқылы төлеуі тиіс.
Қандай құжаттар тапсыру керек?
- Арнайы үлгідегі өтініш;
- Жалпы орта білімі туралы аттестат немесе техникалық және кәсіби (бастапқы немесе орташа кәсіби, орташадан кейінгі) білімі туралы диплом (түпнұсқа);
- Тестілеуге қатысу ақысын төлеу туралы түбіртек;
- Екі 3x4 сурет;
- 086-У формасындағы медициналық анықтама;
- Жеке куәлігінің көшірмесі.