Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Директор мұғалімдерден ақша жинап, еден жуғызған

Директор мұғалімдерден ақша жинап, еден жуғызған

Алматы облысы Қаратал ауданындағы А.С. Пушкин атындағы орта мектептің директоры Дархан Жұмахан карантин кезінде жөндеу жұмысы соңына дейін аяқталмаған кабинеттер мен еденді мектеп мұғалімдеріне жуғызып, кабинеттегі стендке ақша жинамақ болған. Мектеп мұғалімдері бұл жағдайға наразылық білдіріп, «ushtobeqz» ресми парақшасына жазған, деп хабарлайды Stan.kz.
Аты-жөнін атамауды өтінген қызметкер «Директор педагогтердің кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарды істетіп, ақша жинады» дейді.
«Дархан Жұмаханұлы карантин кезінде, мектептің күрделі жұмысы бітпегеніне қарамастан мұғалімдерді мектептің дәліздері мен кабинеттерін жуып-шаюға шақырды. Ол мектепке мұғалімдерге кіруге рұқсат жоқ. Себебі мектеп күрделі жөндеуден кейін арнайы комиссиямен қабылдап алынған жоқ. Сонымен қатар мектептің барлық стендтеріне ақша бөлінді деп жиналыста айтқан болатын, бірақ мұғалімдер мен дене шынықтыру пәні мұғалімдерінен стендке деп ақша жинап алды. Мұғалімдер бар шындықты айтуға қорқады. Өйткені жұмысынан айырылып қаламынба деп ойлайды. Бұл директор ешқандай педагогикалық мәдениетті білмейді. Мұғалімдермен қарым-қатынас дұрыс орната алмайды. Жұмысқа дипломы жоқ мұғалімдерді қабылдады. Өзі жұмысқа қабылдаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жарты жылдан астам жұмысқа келген жоқ. Бұл директордың заңсыз әрекеттері көп»,- деді педагог.
Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бұл іске қатысты түсіндірме берді. 
«Ағымдағы жылдың 23 тамызында Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментінде Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы талаптарының педагогтерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту жағынан бұзылу фактісі қаралды. Қаралу нәтижесі бойынша Қаратал ауданы Пушкин атындағы орта мектебінің басшысы Жұмаханұлы Дархан Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабының 7-3 бөлігі 1-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды», – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Мектеп басшысының тек “сөгіспен” ғана құтылып кеткеніне мұғалімдер наразы екенін айтты.  
«Директорға бар болғаны сөгіс берген. Неге мұндай істі жауапты органдар дұрыстап тексермейді?! Ол кісінің заң бұзушылық әрекеттері жетіп артылады. Біздегі әрбір педагог аты-жөнімізді ашып айтуға қорқамыз, ертең жұмысымыздан айырылып қалсақ, бала-шағамызды кім асырайды?! Онсызда осы шудан кейін директор мектепке келіп, өкпесін айтып ренжіді. Біздегі білім басқармасынан бір-екі адам келді де, бәрін жылы жауып қоя салды. Біз әділеттіліктің орнайтынына сенбейтін болдық»,- деді наразы мұғалімдердің атынан сөйлеп тұрмын деген ұстаз.

kyzylorda-news.kz​​​
26 тамыз 2021 ж. 338 0