«Жас болдық, мектепте де оқымадым»: Түзеу мекемелерінде 103 жазасын өтеуші білім алуда

«Өмір болған соң қиындығы мен қызығы қатар болады. Жас болдық, мектепте де оқымадым. Бірде барамын, бірде бармаймын. Сөйтіп жүріп жаза басып жаңылып істі болдым. Түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Жоғары білім алу үшін бірінші орта мектепті бітірген аттестатым болуы керек екендігін біліп, өтініш бердім. Кешкі мектеп мұғалімдері білім беріп жатыр. Бір жағынан жазамды өтеп, екенші жағынан білім алып, аттестат алсам, бостандыққа шыққан соң жоғарғы оқу орнына түсуіме мүмкіндігім бар» ,-дейді жазасын өтеуші.
Мұның барлығы аяқтарын шалыс басқан жандарды түзу жолға қойып, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасау.
Ал ЗК-169/5 мекемесінде келісім-шарт негізінде Қызылорда политехникалық колледжі мен Қызылорда сервис және бизнес колледжі жұмыс істейді. 2020-2021 оқу жылында «тігінші», «ағаш ұстасы», «электр және газбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 70 жазасын өтеуші оқып, диплом алды. Осы колледждерде 2021-2022 оқу жылында 50 сотталған «Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері», «Құрылыс және әрлеу жұмыстары» мамандықтары бойынша 10 ай білім алса, 25 сотталған «Техник-механик» мамандығы бойынша 1 жыл 10 ай білім алады.
«Колледжді тәмамдап, диплом алған сотталғандар мамандықтары бойынша мекеменің өндірістік аймағындағы тігін цехында жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Босатылған соң алған білімін кәдеге жаратып, мамандығы бойынша жұмыс жасауына да болады. Жуырда мекемеден тігінші мамандығын алып, бостандыққа шыққан азамат жеке кәсіпке бет бұрды. Білімін жетілдіріп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, жеке тігін цехын ашты. Түзеу мекемесінде алған мамандығы кәдесіне жарады. Сотталғандарды түзелу жолына түсіру үшін мекеме әкімшілігі жұмысқа орналастыру және білім беру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр»,-дейді мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ж.Ауешов.
kyzylorda-news.kz