Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауын қытырлағы

Қауын қытырлағы

Қызылордада жергілікті қауын сортынан чипсы, кептірілген қауын өндіріле бастады. Алғашқы өнім Нұр-Сұлтан қаласындағы Сыр жәрмеңкесінде сауда сөресіне қойылды.
Иә, кәдімгі бала күнімізде жеп өскен қауын қағы. Жазда тәттілігінен тіл ойылатын қауынды аналарымыз тіліктеп кептіріп, қақтың бірнеше түрін жасайтын. Қыста кәмпиттің орнын басады. Өкініштісі, қазір қауын қағы ұмытылған. Дегенмен, өнімнің дастарханнан табылатын күні де алыс емес.  Бастысы, бұрынғыдан өзгешелігі – таза қорапта, арнайы құрылғылардың көмегімен табиғи қалпын сақтай отырып шығарылады. 
Кәсіпті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов ашты. Бұл  жоба бірнеше уақыт бұрын қолға алынбақ болған. Алдымен жергілікті қара қауын тұқымының сапасын көтеруді жолға қойған. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асып, 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иемденді. Қаражатқа Ресейден қауын кептіруге арналған құрылғы сатып алынды. 
– Негізгі мақсатымыз жергілікті қауын тұқымын қалпына келтіру болатын. Ол үшін алдымен шикізатты дұрыстап, тұқым шаруашылығын дамыту керек. Бұл мәселенің шешілуіне ұзақ уақыт кететінін білдік. Уақыттан ұтылмау  үшін былтырдан бастап қайта өңдеуді қолға алып, қауыннан чипсы, соломка, кептірілген түрін дайындауға кірістік. Өздеріңізге белгілі, қазір нарықта сатылып жатқан Сыр қауындары  ерекшелігін жоғалтып алған. Жобаны ерте қолға алуымыздың себебі – жас­тар арасындағы дұрыс тамақтануды жолға қою. Үлкен-кішінің сүйікті асына айналған, сұранысқа ие фастфуд өнімдері  адам денсаулығына өте зиян. Осы мәселенің шешімін табу үшін жастар көп тұтынатын чипсы, кириешкидің орнын алмастыратын қауын чипсын шығардық, – дейді ол.
Самалбек Қосанов  қолға алған өнім – 100 процент табиғи. Ешқандай қоспа қосылмайды. Алқаптан келген қауынды кесіп, кептіріп бірден қорапқа салады. Дегенмен, өнімді дайындауға ұзақ уақыт кетеді. Мәселен, бір қауынды кептіруге кемінде 10 сағат жұмсалады. Ал, 5-6 келі бір қауыннан 800-900 грамм ғана өнім алынады.  Бір қорапқа 150 гр қауын чипсы салынады. Бағасы 500 теңге. Маманның айтуынша, қазір көпшілік кептірілген өнімді тұтынуға көшкен. Себебі, құрамы таза, денсаулыққа пайдасы бар. Жалпы, қауынды кептірумен Өзбекстан елі айналысады. Олардың бұл істе тәжірибесі мол. Сондықтан ғалым ол жақпен де тығыз байланысып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Ұсыныс түсіп, жобаны одан әрі дамытуда атқарар істің көп екенін де білдік.
Ол өнімді қала орталығында өтетін жәрмеңкеге шығармақ. Жергілікті халық өзімізден шығып жатқан өнімді білуі керек деген ниетте.
Қазір дайын 500 келіден астам кептірілген қауын түрлері бар. Тауар «Қызылорда қауындары» деген атаумен шығып жатыр. С.Қосанов келешекте бренд қалыптастыруды да көздеп отыр.
Сара АДАЙБАЕВА

syrboyi.kz

23 қыркүйек 2021 ж. 609 0