Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа үн қосу – баршаға ортақ міндет

Тазалыққа үн қосу – баршаға ортақ міндет

«Тазалық–денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық төңірегінде бұл мәселе айта-айта жауыр болғаны шындық. Ауданда басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Оған себеп — өзіміздің салғырттығымыз. Халқымызда «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қанатты сөз бар. Қоршаған ортаны қорғап, тазалық сақтауды, таза ауа, әдемі аулада өмір сүруді бала санасына кішкентай кезінен сіңіру керек. Бала кезден берілген тәрбие, кейін олардың өмірлік дағдысына айналады. Осы орайда «Шағала» бөбекжай-бақшасында тазалық акциясы өткізілді.
Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген. Бұрынғы әжеміздің қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакет алмастырды. Сүт, сұйық май, шырын, сусын бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Тіпті, кейде екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе соның өзі-ақ жетіп жатыр. Өз үй-жайларының айналасындағы күл-қоқысты көше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме.
Тазалық – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуды. Әрине қоршаған ортада бейберекетсіздік орын алса, онда өмір салты да өзгереді. Қай жерде болмасы ең алдымен тазалық керек. Осы ретте тазалықты кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына тазалықтың маңыздылығын сіңіру мақсатында балабақшамызда «Таза қала, таза ауа» тақырыбында тазалық акциясы ұйымдастырылды. Балабақшаның ауласы күл-қоқыстардан тазартылды. Сондай-ақ ата-аналарға тазалық сақтаудың маңыздылығын түсіндіретін үнпарақтар таратылды. Балабақша бүлдіршіндерін тазалыққа баулу мақсатында ересек топтар арасында ашық сабақтар өткізілді. Осылайша  мекеме қызметкерлері қоршаған ортаны қорғап, тазалықты қалыптастыруға өзіндік үн қосты.
Иә, шашылған қоқысты күнделікті көзіміз шалып жүр. Десе де оған жиіркенішпен  қарасақ та, алдын алуға үлес қосып жатқанымыз аз. Қоршаған ортаның тазалығы барлық адамзаттың міндеті деп ойлаймын. Таза ұстау қазіргі таңда экологияны, яғни, қоршаған ортаны қорғау ең басты мәселе болып отыр. Қоршаған ортаны ластауға, зиян келтіруге жол бермей, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, сақтау әр адамзаттың міндеті. Өз денсаулығымызды сақтау үшін тазалықтың сақталуына жақсы әсер беруіміз керек. Біз, адамдар барлық сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, әсемдікті табиғаттан үйренеміз. Біз де табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарауымыз қажет. Қазіргі әлем қоқыстың құрсауында қалып отыр деуге де болады. Өйткені шірімейтін тұрмыстық қалдықтардың зардабы көп. Қанша ғасыр өтсе де, еш бұзылмайтын пластикалық бөтелке, полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отыр. Біз полиэтилен пакеттерді, пластикалық ыдыстарды көп қолданамыз. Ыдыс, пакеттер жылдам жарамсыз болып қалады. Осындай қоқыстарға көміліп қалмаудың жолы – табиғи өнімдерден жасалған заттарды адамдар қолданса деймін. Менің ойымша, әр адам өз жүрген жеріне көңіл бөліп, тазалық сақтап жүрсе, біздің денсаулығымыз да жақсарады.
Тазалықтың болмауы сәнімізді жоғалтып қана қоймайды. Үйілген қоқыстан күңірсіген иіс пайда болады. Ол адамның тыныс жолдары арқылы денсаулығына  кері әсерін тигізеді. Олай болса, Қоғам таза болуы үшін әрбір адам тазалықты өзінен бастауы керек. Сонда ғана қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ете аламыз. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын.
Гүлмира ҰЙҚАСБАЕВА,
«Шағала бөбекжай-бақшасы» КМҚК-ның меңгерушісі
25 қыркүйек 2021 ж. 774 0