Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда көше тазалығы көңіл көншіте ме?

Аралда көше тазалығы көңіл көншіте ме?

"Тазалық – денсаулық кепілі" деп бекер айтылмаса керек. Әрине табалдырықтан бастау алған тазалық қоғамның гүлденуіне кепіл болатыны жасырын емес. Тазалық тақырыбындағы мәселе "айта-айта алтайды, Жамал апам қартайды" дегенге саяды. Әдетте қала сыртындағы қоқыстар қыстай қар астында жасырынып жатып, көктем шыға көрініс табатын еді. Биылғы жылы қалың қар түспеді. Өкінішке орай, қалдығымыз уақытша болса да қалтарыста қалмай қалды. Қаланың орталығын қоқыстан ада еткенмен, сыртын тазалауға шама жетпей жатыр. Күре жолдың бойын қоныс тепкен біз үшін мұндай көрініс өткен-кеткен өзгелерге жаман түсінік қалдырып жатқаны да жасырын емес. Ендеше құлдырап кеткен тазалық төңірегінде құзіретті орындардың уәжіне құлақ түрген едік.

Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген. Бұрынғы әжеміздің қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакет алмастырды. Сүт, сұйық май, шырын, сусын – бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Тіпті кейде екі-үш жігіт тасалау жерде бас қосып сыра ішсе немесе екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе соның өзі-ақ жетіп жатыр. Өз үй-жайларының айналасындағы көң-қоқысты көше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме. Не керек, әйтеуір құзырлы орынның тұрғындарға деген өкпесі қара қазандай.
Ринат Жанаев: Арал қаласы әкімінің орынбасары
Тазалық – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Қала аумағында тазалықты сақтау жұмыстары оңтайлы жүргізіліп келеді. Өткен жылы елдегі ахуалға байланысты сенбілік өткізу тоқтатылды. Дегенмен тазалықты сақтау кенже қалған жоқ.
Мырзағұл Қанатов, «Арал тынысы» ЖШС бас инженері:
– Біз қаладағы тазалықты қамтамасыз етуші бірден-бір мекемеміз. Қазір біздің мекеме жұмысшыларына дамыл жоқ. Қаланың ішін қоқыстан тазартумен айналысып жатыр. Бірақ қынжылтатыны біздің барлық жасаған жұмысымыз жоққа шығып жатыр. Мәселен, біз бүгін бір аумақты тазалап кетсек, көп ұзамай әлгі жер қайта қоқысқа толып жатады. Сонан барып кім жаман, біз жаман болып шыға келеміз. Осыдан біздің жұмысымыз нәтижесіз болып жатыр. Тазалық сақтау біз үшін қажет емес. Мұны әрбір адам саналы түрде сезінуі керек. Сол жерге қоқыс тастайтын тұрғындардың кейін көшеміз сасып жатыр деп өздері шағым жасап жатады. Менің осы салада жұмыс жасап жатқаныма 40 жылға жуық уақыт болыпты. Содан бері тазалық мәселесімен айналысып келемін. Жасыратыны жоқ, бізде техника ескі. Олар жиі бұзылады. Жаңасын алуға біздің бюджетіміздің шамасы келмейді. Сол себепті қоқысты тазартудан гөрі, оны тастатпаудың жолдарын қарастыру керек. Мен қала басшылығына, ішкі істер қызметі өкілдеріне бірнеше мәрте ұсыныс жасағанмын. Яғни көшені ластап, тұрмысттық қалдықтарын төгіп жүрген тұрғындарға заң тұрғысынан шара көру туралы. Шара көріп қана қоймай, ақпарат көздері арқылы көрсету керек. Сонда ғана қоқыс деңгейін азайтатын боламыз. Өкінішке орай, біз мұндай оқиғаларды көзбен көріп тұрсақ та заңдылық тұрғысынан ешқандай шара қолдана алмаймыз. Сол себепті осындай алдын алу жұмыстарын бір ізге түсіру керек.
Жұмыс жоқ деп айтсақ әбестік болар. Қаланы тазарту үшін қоғамдық негізде де жұмысшылар тартылып, күн сайын көшеде қоқыс теріп жүрген егде кісілермен жүздесеміз. Қаланың ішінен гөрі сыртының көрінісі тіпті көңіл құлазытады. Бас инженер қазіргі таңда қоқыс төгуге арналған полигон маңының адам көргісіз кейіпте екендігін айтты. Көзбен көрмек болып арнайы ат басын бұрдық. Қаланың батыс бөлігіндегі соқпақ жолға түсіп алып келеміз. Жайраған қоқыстар бірден көрінді. Иә, ақ шағала, көк шағала. Қураған бұтаның түбіріне жармасып жайрап жатқан қоқыстар.
Дүйсен Көпжасаров, қала тұрғыны:
– "Тазалық– денсаулықтың кепілі" деп халқымыз бекер айтпаған. Тіпті қазіргі пандемия кезеңі тазалықты қатаң сақтауды басты талап етіп отыр. Бірақ оны ойлап жатқан біз жоқпыз. Үйден шыққан қоқысымызды көше бойына немесе шеткері аймаққа төгіп кетіп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, әрбіріміздің үйімізде кішкентайымыз бар. Олар бір күнде бірнеше жөргек ауыстырады. Ал бір аптада ол бір қап болады. Міне, бұл маңда осындай қалдықтар көп көрініс тапқан. Осыдан-ақ тазалыққа салғырт қарайтынымыз көрініп жатыр. Жөргекті қапқа жинап, толған соң көлікке тиеп, белгіленген жеріне апарып тастасақ, ал пакеттер көше бойына әрі-бері ұшып жүрмес үшін жанатын қоқыстарды аула бұрышына апарып өртесек нұр үстіне нұр болар еді. Айналып келгенде, қоқыстың зардабын өзіміз көретін боламыз. Біріншіден, оны өзіміздің малдарымыз жеуі мүмкін. Екіншіден, күңірсіген иісі денсаулыққа зардабын тигізеді. Ал денсаулыққан бұзылса, бар дүние адыра қалады. Сондықтан "өз аулам таза болса болды" деген түсініктен арылып, қаланың тазалығына бей-жай қарамауымыз керек деп ойлаймын.
Әлемдегі тазалық жөнінен алдыңғы қатарлы мелекеттердің тазалық сақтаудағы басты ерекшелігі не деген сауалға жауап іздеп көрдім. Сөйтсем көптеген елдерде қоқысты сұрыптау ісі жолға қойылған екен. Тіпті бұл арнайы жұмыс көрінеді. Кәдеге аспай қалған қалдықты қайта өңдеп, одан жаңа бұйым жасау. Әсіресе Жапония елінде қоқыстарды сұрыптау жолы кең таралған. Күншығыс елі тазалық сұрақтарына ұқыпты қарайтыны анық. Қазіргі таңда ол елде қарапайым газды сусындардың қалбырларына дейін сұрыпталады. Сол сияқты пластмасса бөтелкелерді қабылдайтын арнайы құрылғылар орналасқан. Мұндай тәрбиені бізге де қалыптастыру оңай емес шығар. Бірақ мүмкін емес демеймін. Жоба түрінде қоқысты сұрыптап тастауға арналған жәшіктер де орнатылған болатын. Сол жәшікті де дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

Түйін. «Ауылына қарап азаматын таны» дейтін қазақта жақсы сөз бар. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысқанымыз абзал. Ол үшін әркім тұтынған затынан қалған қоқысты ауласынан әрі асырып төге салып, өз аулам таза болса болды деген түсініктен арылып, қоғамның тазалығы үшін атсалысуы керек.

Назерке МАРАТ
10 ақпан 2021 ж. 1 138 0