Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа жұмыла кірісейік

Тазалыққа жұмыла кірісейік

ЖАҚСЫБАЙ ЖҰҚАБАЕВ, әскери ардагерлер ұйымының төрағасы, көше комитеті:

– Тұрып жатқан қаламыздың әдемі де көрікті және таза болғанын бәріміз қалаймыз. Аудан орталығының айнадай жарқырап, тап-таза, келбетіне көркі жарасып тұрғанға не жетсін…

Бәріміз білеміз, қазір аудан көлемінде аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың бастамасымен тазалық мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Шүкір, қазіргі таңда қаламызда жасөспірімдерге арналған спорттық алаңдар салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Ал енді сол нысандардың кейбіріне бара қалсаңыз, «қой көрмеген қуалап өлтіреді» деген халқымыздың нақылы еске түседі. Кішкентай балаларға арналған ойын алаңдарындағы сырғанақ, әткеншектерде ересектер де жүреді. Тіпті балалардың ата-аналарының қосылып ойнап жүргенін көргенде таң қаласың. Еңбекті бағалап, жанашырлықпен қарауды ешбірі ойға да алмайтын секілді.

Одан кейін саябақтарда, демалыс орындарында жүрсеңіз де көңіл құлазытатын жағдайлардың куәсі боласыз. Тек жастар ғана емес, ақыл тоқтатқан азаматтар да отырған жерін ластап немесе қолындағы қоқысын кез келген жерге тастап кете барады. Ал кейін сол қоқысты тиісті мекемелердің қызметкерлері жинап жүргені. Бір жер бүтінделіп, жиналып жатса, енді бір жер керісінше шашылып жатады. Яғни тұрғындардың тазалық мәдениеті сын көтермейді. Тұрғындарда барлығын мемлекеттік органдар өздері істейді деген пікір қалыптасып, бойкүйездікке салынуынан бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді.

Мінекей,алдағы сенбі күні әлемдік тазалық акциясы өтеді деп жатыр. Мен барша жерлестерімді аталған тазалық шарасына белсене араласып, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту жұмыстарына жұмыла кірісуге шақырамын. Себебі, тазалық - ең алдымен өзіміз үшін, өз бала-шағамыз үшін керек.

17 қыркүйек 2021 ж. 507 0