Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 73 жастағы аралдық марафоншы веложорықты сәтті аяқтады

73 жастағы аралдық марафоншы веложорықты сәтті аяқтады

Биыл тұғыры биік, рухы асқақ мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Тәуелсіздікпен қатар келген тағы бір зор жетістігіміз Семей полигонының жабылғанына да – 30 жыл.
Мерейлі мерекелердің құрметіне тарту ретінде Арал аудандық «Невада-Семей» қоғамдық ұйымының мүшесі, ардагер Өтебалиев Серік Сәдуақасұлының бастамасымен, «Арал-Қызылорда» бағытында веложорық ұйымдастырып, бүгін салтанатты мәресіне жетті.
Аралдықтардың зор құрметімен өткен аптада бастау алған веложорық облыс орталығы Қызылорда қаласына дейінгі аралықты велосипедпен сәтті бағындырып өтті.

Еліміздің 30 жылдық мерейтойына барша аралдықтардың атынан тарту жасауды мақсат еткен Серік Сәдуақасұлы веложорық барысында көршілес Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарына арнайы ат басын бұрып, аудан орталықтарындағы тағзым алаңдарына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сапарын облыс орталығында сәтті аяқтаған шабандоз ақсақалға облыс әкімінің, «Nur Otan» партиясының алғыс хаттары мен облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы сыйлығы мен Семей полигонының жабылуына 30 жыл мерекелік медалі табысталды.
Атап өту қажет, 70 жастан асқан ақсақал бұған дейін еліміздің Тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай Арал-Қызылорда бағытында жаяу жүріспен 500 шақырым қашықтықты бағындырса, алғашқы ядролық жарылысқа 70 жыл толуына орай «Қазақ жерінде енді қайтіп ядролық сынақ болмасын!» деген ұранмен 21 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Жарты ғасырға жуық сынақ алаңына айналған аймақта Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған Қызылорда облысы бойынша мыңға жуық ардагерлер бар. Олардың қазіргі таңда, түрлі салаларда қызмет атқарып, өңіріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде оң ықпалдарын тигізіп жүргеніне бүгінгі мағынасы зор, берері мол шара куә.
28 қыркүйек 2021 ж. 334 0