Қай желі танымал?
Қазір әлеуметтік желі әлеуетті күшке айналды. Ойын-күлкі де, ашу-ыза да, талап-тілек те, есеп-қисап та осы желілерде тоғысып жатыр. Әлеуметтік желі – біреу үшін арыз айтар тұрақ болса, біреу үшін – кәсібін дөңгелетудің басты құралы.
Statcounter Global Stats дерегі бойынша, Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі Twitter екен. Үздік үштікке сондай-ақ YouTube пен Facebook кіреді. Бірақ әлемдегі ахуал өзгешелеу. 2021 жылдың тамызындағы мәлімет бойынша, халықаралық деңгейде Фейсбуктің үлесі басым – 73,27 пайыз. Одан кейінгі орындарда тұрған Twitter (8,91 пайыз), Pinterest (7,22 пайыз), YouTube (4,72 пайыз) және Instagram (3,41 пайыз) желілерінің Цукерберг негізін қалаған жүйенің шаңына да ілесе алмай тұрғанын байқар едік.
Фейсбуктің Қазақстандағы үлесі 14,85 пайыз мөлшерінде ғана. Twitter – 16,56, YouTube – 16,07 пайыз. Сонымен қатар Instagram мен VK-ның нарықтағы үлесі қарайлас – 13,92 және 13,7 пайыз. Ал мобильді телефоннан кіріп пайдалану тұрғысынан Twitter (17,1 пайыз), Facebook (16,4 пайыз) және Instagram-ның (16,11 пайыз) бәсі биік болса, үстел компьютері және ноутбук арқылы пайдалану жағынан YouTube (39,22 пайыз), VK (16,86 пайыз) және Twitter (12,79 пайыз) көш бастайды.
syrboyi.kz