Қандасын ажалдан құтқарған
Жақында редакцияға жерлесіміз, Алматы қаласының тұрғыны Лахият Төлепбергенованың сонау 80 жылдары басынан өткен оқиғасын баяндаған хат келді. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Бір кездері 80-жылдардың шамасы болу керек. Қызылордадан семинардан қайтып келе жатып бір оқиғаға куә болдым.
Біз Қызылордадан жаңа ғана пойыз вагонына орналаса бастадық. Жанымда әріптесім Октябрь Жүсіпов деген азамат бар. Вагонда адам толық екен. Бір кезде бір ірі денелі, орта бойлы, темір жол формасын киген өзге ұлт өкілі бір қазақ жігітті желкелеп жолсеріктің купесіне итеріп кіргізіп алды. Вагондағы жолаушылар да абдырап қалды. Мен не болғанын көрейін деп жүгіріп барып, жолсеріктің купесін ашып қалдым. Шошып кеттім. Жаңағы ірі кісі мен жолсерік әйел екеуі қазақ жігітті купе терезесінен лақтырып жібергелі жатыр екен. Ол жігіттің жарты денесі сыртта, аяқ жағы іште қалған. Дереу әлгі ірі кісіні мойнынан, ал әйелді шашынан тартып қалдым да, айқайлап жолаушыларды көмекке шақырдым. Сол бойда біраз адам көмекке келіп, әлгі жігітті терезеден түсіріп алдық. Содан соң вагондағы бос орынға жігітті жайғастырып, не болғанын сұрай бастадық.
Ол Қазалы темір жолында машинист болып жұмыс істейді екен. Сол кезде "Ленин" орденімен наградталыпты. Жігіт кішкентай баласы бар қарындасымен бірге пойызға мініп жатқан. Сол кезде пойыздың бригадирі әзербайжан Сұлтанов деген бригадир "неге адам мінгізесің?" деп сөзге келмей, әлгі жігітті ішке қарай сүйрей жөнеледі. Ол уақытта орденді теміржолшының өзімен бірге бір жолаушыны билетсіз алуға жеңілдігі бар екен. Ал Сұлтанов оны тыңдамастан, бірден арам ойға кетіп, пойыздан кім болса да лақтырып жібергісі келген. Сол кездері пойыздан талай адам лақтырылып кетті.
Жасыратыны жоқ, осындай қылмыстар арагідік болып тұрды. Жабулы қазан жабылып қала беретін, ол бір қиын кез еді. Сонымен, сол жерде вагонда дәрігерден, заңгерден, студенттерден куәгер табылды. Дереу арыз жазып, бригадир мен жолсерікті келесі стансадан милициялар түсіріп алып қалды.
Бір айдан кейін сол вагондағы куәгерлерді темір жол сотына шақырды. Сотқа қатыстым. Сот әзербайжан бригадирге 7 жыл, жолсерік әйелге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді. Әлгі бригадир "осыдан босап шыққасын сені құртамын" деп қорқытып қояды. Иә, "жақсы, көрерміз" дедім мен. Ал біз құтқарған қазақ жігіт Баймаханов маған алғысын айтып, батасын берді. Үйіне шақырып, "ажалдан құтқарғаның үшін бір сиырым бар, соны ал" деді. Мен "маған еш нәрсе керек емес, мал өзімде де бар, менің орнымда кез келген адам көмекке келер еді" дедім.
Осы оқиғадан кейін "пойыздан лақтырып кетіпті" дегенді естімедім. Жолсеріктерге бұл сабақ болды-ау деп ойладым. Бастысы, адамның өмірі сақталды.
Бүгінде уақыт өзгерді. "Елу жылда – ел жаңа" дегендей, тәуелсіздігімізді алғалы бері барлық салада болып жатқан даму ішкі істер саласына да оң өзгерістер алып келді. Бүгінде мемлекеттің басты капиталы– адам екенін басты назарда ұстап, әр азаматтың қауіпсіздігі үшін қызмет ететіндер бүгінде күн-түн демей елдің қауіпсіздігін күзетуде.
К. МАХСҰТ