Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе алу – ең қауіпсіз жол

Екпе алу – ең қауіпсіз жол

Екпе алу – адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Тұрғындардың екпе алуы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 156 бабында көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының аумағында тұратын жеке тұлға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жұқпалы, паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндеттілігі» жүргізіледі. Әлемге таралған коронавирусты инфекцияның алдын алу, оның таралуын болдырмау және ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында әлдеқашан елде екпе жасау жұмыстары басталып кетті.Пандемия кезеңінде осы екпеге аса қажеттілік туындады. COVID-19 екпесін әзірлеу бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамдың жаппай өлімі орын алғандықтан, аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңгейде болуына байланысты екпені тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады.ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың Ата заң мен Денсаулық сақтау кодексі және профилактикалық екпе жүргізу қағидаларына сүйене отырып шығарған қаулысына сәйкес, COVID-19-ға қарсы екпе салдырмаған жұмыскерлерді көзбе-көз режимде жұмысқа жіберуді шектеу талап етіліп отыр. Тек екпе салдыруға денсаулығы жарамайтын және соңғы 3 айда коронавируспен ауырып жазылған кісілерге бұл талап қойылмайды. Ал екпе салдырмағандар аптасына бір рет міндетті түрде ПТР-тест тапсырады. Денсаулығы екпе алуға жарамайтын және соңғы 3 айда коронавируспен ауырғандар тест тапсырмауына болады.
Халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында екпе егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан көлемінде КВИ-ға қарсы егу шараларын жүргізуге және егу шараларын сапалы ұйымдастыру мақсатында Арал қаласындағы «Байтұрсынов» емханасының 3-ші қабатында бөлек блокта коронавирусқа қарсы егу шараларын жүргізу үшін дайындалған егу блогы ұйымдастырылған. Бұдан басқа елді мекендердегі 15 емханада және 5 жылжымалы егу бригадаларымен егу шаралары жалғасуда. Аудан бойынша коронавирус инфекциясына қарсы егу шарасына 34961 адам жоспарланды, 1-турмен 26134 адам егілді, яғни 74,6 % қамтылды, 2-ші турмен 20976 адам егілді, жоспарланған халықтың екінші турмен 59,9%-ы қамтылды.
Екпе алу арқылы біз өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымызды, жалпы қоғамды жаһандық қауіпке айналған коронавирустық індеттен қорғай аламыз. Екпе алу – жұқпалы індеттен қорғанудың тиімді әрі қауіпсіз әдісі. Сондықтан, бәріңізді өзіңіздің және жақындарыңыздың, әріптестеріңіз бен достарыңыздың денсаулығын қорғау үшін індетке қарсы екпе алып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамын.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
14 қазан 2021 ж. 357 0