Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде тіркеуде болмаған көліктер жалған құжаттармен бізге келіп жатыр – ІІМ

Ресейде тіркеуде болмаған көліктер жалған құжаттармен бізге келіп жатыр – ІІМ

Ресейде тіркеуде болмаған көліктер жалған ресейлік нөмірлермен елге кіргізіліп жатыр. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер министрлігі шетелдік тіркеуі бар көліктерді сатып алудың бірнеше тәуекелі бар екенін еске салады. Біріншіден, жүргізушілерге БҰҰ-ның жол қозғалысы туралы конвенциясының талаптарын сақтау керектігін ескерген жөн. Ол бойынша сырттан әкелінген көліктер Қазақстан аумағында тіркеусіз бір жыл ғана жүре алады. Бұл уақыт біткенде олар ел аумағынан сыртқа шығарылуы керек. Егер ол талап орындалмаса, көлік иесіне әкімшілік шара қолданылады», – дейді комитет өкілі. Сондай-ақ, ол шетелден әкелінген көлікті тексеурсіз алудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаруы мүмкін екенін ескертті.
«Тағы бір ескеретін тәуекел – қылмыстық қудалауға түсу тәуекелі. Қазақстандық сатып алушы шетелден әкелінетін көліктің құжаттарының шынайылығын, ұрланған немесе бұғатқа қойылған көлік екенін анықтау мүмкіндігі жоқ. Мұндай тәуекел шетелден әкелінетін көліктердің бәрінде болуы мүмкін. Салдарынан ақшаға сатып алған көлік тәркіленіп, алушының үстінен де қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Мысалы тексеру кезінде осы айдың басынан бері Өскемен, Петропавл, Семей қалаларында тіркеу құжаттары мен нөмірі қолдан жасалған 80 ресейлік автомашина анықталды. Яғни, қазақстандық сатып алушы көлігі Ресейде тіркелгеніне сенімді болғанымен, Ресей Федерациясы кеден қызметімен ешбір тіркеуде болмағаны анықталды», – деді Серік Түсіпов.
Оның айтуынша, аталған көліктер бойынша Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолданған. «Жауап келген соң, аталған фактілер бойынша заңнамада көрсетілген процессуалдық әрекеттер қабылданады», – дейді ІІМ өкілі.

syrboyi.kz

18 қазан 2021 ж. 273 0