Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылығы мен жамандығы аралас жыл

Жақсылығы мен жамандығы аралас жыл

Жыл санау – уақыт пен кеңістікті бір жүйеге түсірген халық даналығының бір тарауы. Осы жыл санау арқылы он екі жылдан қайырып отырады да, оны жыл қайыру деп атайды. Бұл тәсіл – өткен жылды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі тағылымы бар тапқырлық есептік жүйе. Біріншісін 13 жылдан, одан кейінгілерін 12 жылдан есептеп, адам жасын да оңай шығарып алады.

Сонда бір мүшел 13, екі мүшел 25, үш мүшел 37, төрт мүшел 49, бес мүшел 61, алты мүшел 73, жеті мүшел 85 жаста және солай жалғаса береді. Бұрынғы қариялар 61-демін, 73-темін демеген, "бес мүшелге толдым", "алты мүшелден астым" деген.

Халқымыз әрбір мүшел жастың есебін шығарып қоймай, әр жылдың өз ерекшелігі мен сипатын да ғасырлар бойы байқап, ортақ заңдылықтарды тапқан. Сондықтан кей жылды жақсылыққа баласа, енді бірінен қауіптенген.

Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тәжірибесі мол халық әр жылға тиісті баға беріп, сол жылдарға сай қарсы алып, қам жасаған.  

Тышқан жылы. Тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тоқшылықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбінесе ақталып та отырған.

Сиыр жылы – он екі мүшел жыл жүйесінің екінші жылы. Қара мал, мүйізді ірі қара, төрт түліктің бірі. Бұл жыл тышқаннан кейін халық есебінде көбіне ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтармен есте қалған. Ырымшыл халқымыз бұл жылда сәтсіздік бола қалса, "биыл ауыр жыл ғой" дейді.

Барыс жылы – жыл қайырудың үшінші жылы. Ауытпалығы мен жақсылығы аралас жыл деп саналады. Еліміздің тарихында бұл қатысты қатысты айтылатын елеулі оқиғалар есте қалмаған. Бірақ Барыс, Барысхан, Бейбарыс, Жолбарыс есімдері жиі кездеседі.

Қоян жылы. Бұл жыл қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы деп, оған үрке қараған.

Ұлу жылы оның қандай жануар немесе жәндік екені белгісіз. Ол туралы жорамал көп. Мәселен, ғалым М.Ысқақов "Ұйғырлар, түрікмендер және қызылорда, шымкент қазақтары ұлу жылын балық жылы дейді" дегенді айтады. Өте жайлы, жұмсақ жыл деп саналады.

Жылан жылы.
Қазақ әңгімелерінде "жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қоян жылы тоғыс болды" деген қағидаға айналған қанатты сөздер бар. Халық танымында жылан "жағымсыз", "суық түсті" жәндік болғандықтан, көбінесе жағымсыз іс-әрекетке теңелген.

Жылқы жылы – жыланнан кейін кіретін жыл атауы.

Қой жылын халық жақсы жыл деп сеніп, оны асыға күтіп отырады. Қой жылдары көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеп отырған. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды күткен.  

Мешін жылы – қойдан кейін кіретін жыл. Бұл жылды халқымыз сәтсіз, бүліншілік, жайсыз оқиғалар көп болды деп айтып, қорқып отырады. Еліміздің тарихындағы кейбір азапты, ауыр оқиғалар мен жұт, апат осы жылдары болыпты. 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, "тас мешін" аталып кеткен. 1931-32 жылғы алапат аштық та осы мешін жылы болған.

Тауық жылы – мешіннен кейін кіретін жыл. Бұл да ауыр жылдардың бірі. Тұрақсыз жыл деп сенген.

Ит жылы – халық үшін жайсыз жыл емес. Жеті қазынаның бірі болғандықтан, жеңіл, сәтті жыл деп саналған.

Доңыз жылы – халық танымында жағымсыз жануар болғанымен, бұл жылдың тарихта қалған қасіреті жоқ. Жайлы жыл деп саналған.

massaget.kz
19 қазан 2021 ж. 684 0