Қоршаған орта көңіл құлазытпасын

Қалалар мен ауылдар төңірегінде бейберекет шашылып, ұлғайып бара жатқан қалдықтар малдың жайылымы болған жер қыртысының құнарын жоятындығы жасырын емес. Тасталып жатқан қалдықтардың ішінде аса қауіпті, улы заттар да кездеседі. Ертеңгісін ерте саябаққа барсаңыз, астан-кестен дүниені көресіз. Орындықтардың бәрі жылжыған, кейбіреулері аударылған, әр орындықтың алды толған қоқыс.
Шылым мен сусындардың қалдықтары оңды-солды тасталған. Ал осылардың бәрін таң атпай тазалап, әр сіріңке талына дейін көше тазалаушылардың жинап жүргені. Осылайша, "жабулы қазанды жабулы" күйінде қалдырғымыз келеді. Бірақ “бұл қашанға дейін созылады?” дейтініміз, өркениетті елдердің адамдары өздері тұрып жатқан қаланың, оның көшесінің, үй ауласының тазалығына, әдемілігіне, тыныштығына, жайлылығына ерекше мән береді. Үй ауласын, көшені өздерінің үйлерінің төріндей көреді. Сондықтан да оны аялап ұстауға, бір тал сіріңке талын да тастамауға тырысады. Осылайша өздері үйде де, түзде де қолайлылық туғызып, мәдениетті өмір салтын ұстап жүреді. Ал біздің елде айтуға ұят, бірақ, айтпасқа тағы болмайды...
Бұндай жағдайда адам мен табиғат арасындағы қайшылықты шешуді қоғам реттейді. Оның қызметі – адамдардың санасын тәрбиелеу. Яғни, қоғамдағы тазалық мәселесі жергілікті биліктің ғана шаруасы емес. Бұл – әрбір азаматтың ықтиярлықпен қарайтын шаруасы. Қазіргі күні ауданда тазалықты қамтамасыз ету бағытында көптеген шаралар қолға алынып отыр. Түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Соның арқасында қаланың біраз бөлігі күл-қоқыстан тазаланып қалды. Осындай игілікті шараға бәріміз атсалысар болсақ, өзіміз өмір сүріп отырған қаланың әсем келбеті мен таза ауасын қалыптастыратын боламыз.
Гүлзат ТІЛЕУЛИЕВА,
«Мереке» санаториялық-бөбекжайының меңгерушісі