Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылықпен етене құрылым

Жұртшылықпен етене құрылым

«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» халыққа әлеуметтік төлемдерді төлеу және есепке алу жүйесіндегі Үкіметтің негізгі операторы болып саналады. Бұл құрылым Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136-1 қаулысының негізінде 1997 жылдың 20 маусымында құрылған болатын. Міне, содан бері жұртшылықпен етене құрылым ретінде дамылсыз жұмыс атқарып келе жатқан орталықтың жұмысы нәтижелі.

Ұлт жоспары саналған 5 институционалдық реформаның 100 нақты қадамында көрсетілген бір бағыт – «Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын» құру. «Мемлекеттік корпорация» халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялай­ды. Яғни, Қазақстан азаматтары қызметтерді бір жерден алатын болады» делінген. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №39 Қаулысына сәйкес, үстіміздегі жылдың 8 сәуірі күні «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» құрылып, оған «Зейнетақы төлеу орталығы», «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Жер кадас­тры ғылыми-өндірістік орталығы, жылжымайтын мүлік орталығы» мекемелері бірігіп, жұмысын ба­стап кетті.
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде Арал аудандық бөлімі болып қайта құрылды. Әйтсе де, атауы өзгергенімен, жасап жатқан қызметі өзгерген жоқ. Сол қалпында жұмысын жалғас­тырып келеді.
2016 жылдың 1 шілдесінен бастап корпорацияның «Халыққа қызмет көрсету бөлімінің» қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық зейнетақы, жәрдемақы құжаттары қабылдануда. Қабылданған құжаттар біздің бөлімге жолданып, өңделеді. Бұл қызметті көрсетуде біздің ұжымның мамандарының да еңбегі елеулі. Мәселен, бүгінгі таңда бөлімнің 11 қызметкері аудандағы 25 мың алушыға зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдерін есептеп, төлем жүргізіп отыр. 1997 бастап орталық құрылғалы бөлімде еңбек етіп келе жатқан мамандар Жұбатов Өмірзақ пен Әбекенова Даража биылғы жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Бұл салада қолтаңбасы қалған жандар өз бiлгенiн өзiнен кейiнгi буынға үйретуден жалыққан емес. Солардың бірі – құрметті зейнет демалысына шыққан бөлімнiң ардагері Әбутали Ерекеев те әлеуметтік салада 44 жыл үздiксiз еңбек еткенін ескере кеткен жөн болар.
Бөлім мамандары халыққа сапалы қызмет көрсетуде уакытпен санаспай, «қызметiмiз халық­ қа» деген мақсатпен тынбай еңбек етіп келеді. Осындай тәжірибелі мамандар қызмет атқарып отырған бөлімге келген зейнеткерлер мен басқа да келушілер көрсетілген қызметке қанағаттанып, алғыстарын білдіріп жатады.
М. Амангелдиева,
«Азаматтарға арналған Үкімет» МК» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша
филиа­лы әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Арал аудандық бөлімінің жетекші маманы
30 қазан 2021 ж. 377 0