Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана денсаулығы маңызды

Ана денсаулығы маңызды

Қазіргі уақытта заманауи технология мен ғылымның, білімнің дамуында ерекше қарқын бар. Бұл басымдылық әсіресе медицинаның қарыштап өсуіне себепші болып отыр. Осы уақытқа дейін емі табылмаған және өте күрделі сырқаттардың түріне баланған ауруларды да жаңаша, тиімді емдеу жолдары табылды. Бірақ бұл медицинада түгелдей дерлік қиындықтардың барлығы шешілді деген сөз емес. Әлі де болса жиі кездесетін және адам өміріне қауіпті сырқаттардың бар екені жасырын емес. Солардың бірі – сүт безінің қатерлі обыры.
Сүт безінің обыры – Европа, Америка, Азия елдерінің әйел адамдардың арасында ең кең тараған ісік түрі болып табылады. Жыл сайын әлемде бұл аурудың миллионан астам жағдайы тіркеледі, ал орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жас екендігін ескерсек, сүт бездерінің обырымен ауру қаупі 12,5% құрайды. Соңғы 2 жылда обырдың осы түрімен аурудың тұрақты тенденциясы байқалады. Соның ішінде қалалар мен мегаполистерде 1985 жылдан бері әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде 31,2% құрай отырып бірінші орында тұр.
Расында бүкіл әлемде сүт безі обыры кең таралған қатерлі ауру және әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себебі. Қазақстан Республикасында сүт безі обыры ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының ортасынан бастап әйелдердің онкологиялық аурушаңдығы құрылымында тұрақты бірінші орынды алады. Ал 2011 жылы халықтың онкологиялық ауруларының жалпы құрылымында бірінші орынға шықты. Сүт безінің обыры – бұл сүт бездерінің жасушалары қалыпты жұмыс істеуді тоқтататын онкологиялық ауру: байқаусыз бөліне бастайды және өледі. Сүт безі обыры – әлемдегі қатерлі ісіктің екінші түрі (өкпе обырынан кейін). Жыл сайын 1,7 миллион жаңа ауру оқиғасы анықталады.
Иә, бұл көрсеткіштерге де себеп бар. Ауруды ауыздықтауға болады. Бірақ арнайы белгілері болмағандықтан көптеген қиындықтар туындайтынын алға тартады әлемнің ғалымдары. Нақтырақ айтар болсақ:
– Әрбір нақты жағдайда сүт безі обырының не себептен пайда болғанын нақтылап айту мүмкін емес. Тек белгілі бір дәрежеде обырға әкелетін ықпалдарды атап айтуға болады. Обыр жасушаларының пайда болуына сүт бездерінің қалыпты жасушаларының мутациясының әсерінен пайда болатыны белгілі. Канцерогендердің әсерінен жасушалардағы генетикалық материал өзгереді. Нәтижесінде қалыпты жасушалар обыр жасушаларына айналады. Жасуша жиі-жиі бөлінген сайын канцерогендердің әсерінен обыр жасушаларына айналу қаупі өсе түседі, – дейді олар.
Осы дерттің бірнеше түрі бар. Мысалы бүгінде ең көп тараған дуальды корциномадан бөлек, сүт бездерінде кездесетін лобулярлы корцинома, тері астындағы бездерден басталатын пагет ауруы, сүт безі қабының қабынуы, үш есе теріс сүт безінің қатерлі ісігі дейтін түрлері кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, былтыр әлемде бұл аурудың 22 млн-нан астам жағдайы тіркелген. Сүт безінің қатерлі ісігі – онкологияға шалдыққан әйелдер арасындағы өлімнің басты себебі. Тек 2020 жылы осы аурудан әлемде 685 мың әйел қайтыс болды.
Осы тақырып жайында аудандық онкологмаммолог дәрігер Жаңаберген Жұмахметовтен сұраған болатынбыз.
– Сүт безі обыры деп жалпыма айтап жүрміз ғой. Бірақ қазіргі уақытта сүт безі обыры 30-дан астам нысанға бөлінеді. Жалпы бұл ауру әйелдер үшін көп жағдайда 35 жастан ары қарай дамиды. Бұған әсер ететін факторлар өте көп. Бүйрек үсті безінің жұмысы бұзылуы, эндокриндік және метаболикалық бұзылулар, семіздік, қант диабеті, артериялық гипертензия, атеросклероз, иммунитет тапшылығы, шылым шегу, химиялық улану, жоғары калориялық теңгерімсіз диета, көмірсуларға бай, ақуыздар тапшы тамақтардың өзі бұл сырқаттың адам ағзасында дамуына себепші болуы мүмкін. Бірақ мұның барлығы бірдей ісік ауруына алып келеді деген ойдан да аулақ болу керек. Тек әркез дәрігердің кеңесін алып отырған артық болмайды. Өйткені сүт безі обыры ерте кезеңде ешқандай белгі бермейді. Оны тексерудің арқасында, маммографиямен анықтауға болады, – дейді.
Маманның айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алудың ең сенімді шарасы скринингтен өту, репродуктивтік жүйені бақылау, ай сайын өзін-өзі тексеру болып табылады. 35 жастан асқан әр әйел маммографиядан өтуге тиісті дейді.
Бірақ өз бетінше де сақтануға болатын жағдайларды Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы онколог-маммолог, онкогинекология және маммология бөлімшесінің дәрігері Бекзат Мукадиева атап көрсеткен. Бұл жағдайларға өз салмағыңызды бақылауда ұстау, физикалық белсенді болу, күніне кем дегенде 30 минут жаттығуларға уақыт бөлу деп біледі. Мұнан бөлек пайдалы тағамдармен тамақтану, алкоголь ішпеу, балаларды емізу, бала көтертпейтін дәрілерді ұзақ пайдаланбауға кеңес берді.
Түйін:
Расында аналардың болашағы өскелең ұрпақтың ертеңіне тікелей байланысты. Бүгінгі мақала арқылы біз әрбір анаға осыны жеткізгіміз келді. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесек, бұл өзімізге де барынша пайдалы болары сөзсіз.
10 қараша 2021 ж. 626 0