Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Небәрі 78 мың теңгеге қатерлі дерттен айықтырамыз": Елордада өзгенің қайғысынан пайда тапқысы келетіндер көбейген

"Небәрі 78 мың теңгеге қатерлі дерттен айықтырамыз": Елордада өзгенің қайғысынан пайда тапқысы келетіндер көбейген

Қатерлі ісікті емдеу оңай. Бар-жоғы 78 мың теңге. Осындай хабарландырулар елорда көшелерінде қаптап тұр. Тіпті біреудің қайғысынан пайда тапқысы келген пысықайлар қаладағы онкологиялық орталықтың маңайына да жарнамасын іліп тастаған.

Тауарының мақтауын асырғандар өнімнің Германиядан әкелінгенін айтып отыр. Бұл қаншалықты рас?
Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған дәл осындай хабарландыруды көзіміз шалды. Арзан сомаға бір-екі айдың ішінде дертіңізден айығасыз дейді. Көрсетілген нөмірлерге хабарласып, сатушыны әңгімеге тарттық.            
Телефонмен ауызша келістік. 100 мың теңгемізді қалтамызға салып, өзін Күләш деп таныстырған менеджерден "ғажайып дәріні" сатып алуға уәделесіп, кездесу орнын белгіледік. Офистері дәл онкологиялық орталық орналасқан тұста екен. 
Бір өкініштісі, елімізде бұл аты жаман ауруға шалдыққандар саны соңғы жылдары көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, 2017 жылы 171 мың онкологиялық науқас тіркелсе, өткен жылы көрсеткіш 181 мың адамға жеткен. Яғни бір жылда ісікпен ауырғандар саны 10 мыңға көбейген. Осы тұста пайда тапқысы келгендер, жұртқа сапасы күдік тудыратын дәрілерді тықпалауды шығарыпты. Ал, отандық онкологтар тұрғындарға мұндай препараттарды алмауға шақырады.  
"Қазіргі жарнамалары толып жүрген дәрілер жайында біз білмейміз. Елімізде науқастарды емдеу тек медициналық тұрғыда дәлелденген препараттармен жүзеге асырылады. Жаман аурудың барлық кезеңдері Қазақстандағы онкологиялық ауруларды емдеу диагностикасының хаттамасына тіркеліп отырады. Бұл дегеніміз, ем-дом шараларымыз барлық талаптарға сай келеді. Ал, ол сатылатын дәрілермен емдемейміз", - деді қалалық онкология орталығы қашықтықтан емдеу бөлімінің меңгерушісі Ербол Жапаров.   
Қатерлі ісікпен ең көп ауыратын аймақтарға тоқталсақ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының таратқан мәліметін сәйкес, өткен жылы Алматыда - 3 996, ШҚО - 3 648, Қарағанды облысында - 3 614 жағдай тіркелген.       
"Бүгінде жұрт арасында онкологиялық ауруларды емдеудің басқа альтернативті нұсқасы бар деген түрлі алып қашпа әңгімелер тарауда. Бірақ, оның барлығы жалған ақпарат. Осы уақытқа дейін, біздің тәжірибемізде дәстүрлі емес медицина арқылы дәрі қабылдап, құлан таза айығып кеткен науқасты көргеніміз жоқ. Қымбат препараттарды сатып алып қолданған онкологиялық науқас, бағалы уақытын жоғалтып дертін асқындырып алуы мүмкін", - дейді Ербол Жапаров.
Қатерлі ісікпен күресіп келе жатқан қала тұрғыны Балкен Ысқақова қазір химиятерпия кезеңінен өтіп жатыр. Аты жаман аурудың белгілері бойынан анықталғанда бірден онкологиялық дәрігерлерге жүгініпті. Қазір жағдайы бірте-бірте оңалып келе жатыр екен. Ол да өзі секілді науқастарға жалған жарнамаға сенбеулерін сұрайды.
"Әр үш апта сайын ауруханаға жатып, химиятерапия курсынан өтеміз. Қазіргі жағдайым қанағаттанарлық, әрине алғашқы кезеңде қиын болды. Қазір мен 5 курсына келдім. Әлі алда тағы үшеуі бар. Толық жазылып шығамын деген үмітім бар. Елімізде медицина дамып жатыр ғой, ал мына дәрілерге өз басым сенбеймін", - деді емделуші Балкен Ысқақова.
Былтыр дәл осы қатерлі ісік еліміздегі 14 мың 406 азаматтың өмірін жалмаған. Сондықтан, онкологтар науқастарға жалған хабарландыруларға сенбей, бір арнаға қойылған жүйемен емделуге кеңес береді. Өйтпеген жағдайда бұл қорқынышты сандар жыл сайын арта береді деп болжап отыр.
http://stan.kz
16 маусым 2019 ж. 699 0