Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пәлен жерде пайда бар, алданып қалма ойлап ал...

Пәлен жерде пайда бар, алданып қалма ойлап ал...

Бұрын адами құндылықтардың көлеңкесінде келген ақша бүгінде басты қажеттілікке айналды. Алыс-беріс пен барыс-келістің жолында жүріп «нарық» дейтін дүниені қолданысқа қосты. Бүгінде сол нарық тұтас қоғамның уысына түспейтін үлкен ұғымға айналып үлгерді. Табысты мен табыссыз да, арам мен адал да бүгінде соның жолында жанталасып әлек. Әйтеуір не керек, нарықтық заманның бір бұрышында қалып, жұтылып кетпеудің жолын қарап жүрген жан жетерлік. Бірі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп пұл тапқысы келеді. Бірі жатып алып жан баққысы келеді. Ал ар мен ожданды белге байлап, адал еңбектің жолында аяқ тоздырып жүрген жандар қаншама?! Сайып келгенде, адал ақша мен таза еңбектің жолында тер төккен сол жандар ерлеп тұр. Әлгі біз айтқан оңай олжа мен жеңіл табыстың жетегінде жүріп, жолындағысы мен қолындағысынан қағылып жатқандардың жанайқайы естір құлаққа жесірдің зарындай-ақ. Аумалы-төкпелі бүгінгі қоғамның бір кемшілігі осы болып тұр. Қайтпек керек?
Қазір әлеуметтік желінің әдебі болғанмен әлегі көбейді. Жұрт оған бұрынғыдай жата жармаспайды. Азар да безер ақпарат арпалыстарынан әлдебір дүниені тамашаламайды. Тетігін тапса табысқа шыққысы келеді. Өйткені сол әлеуметтік желіде жетім өкпесі желкілдеп, жөні мен жолы бөлек жарым жарнамалар көбейген. Айналып келгенде, барлығы ақша алып келетін жолды жоспарлап қойған. Ішіне кір де, іздегеніңді тап. Оң жамбасыңа келетін оңайлары болса айналдыр да, оңай олжаға кенел. Қазір көбі осылай ойлайды. «Сата қалсам ала қалам, бара қалсам бере қалады» деген ойлар шындығында қаржыға тәуелді талай пенденің сорына айналды. Негізі біз таңдаған жол бұл емес еді.
Былтырдың өзінде он мыңдаған адам қаржы пирамидасына алданып, сан соғып қалған. Уәкілетті органдар 2020 жылы жалған қаржы ұйымдарына қарсы 217 қылмыстық іс қозғап, оның 116-сын сотқа жөнелткен. Ал жыл басталғалы бері Арал ауданы бойынша бұл қылмыстың түріне қатысты 18-ге жуық іс анықталған. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай сипаттағы қылмыстық деректер жылына 1-2-ден кездесіп тұрса, уақыт алға озған сайын интернет аляқтықпен айналысатындардың саны ұлғайып бара жатқанын айтып мамандар дабыл қағуда. Демек елімізде оңай жолмен ақша табуға ұмтылғысы келетіндердің қатары артып барады деген сөз.
Қулығына құрық бойламайтын пысықайлар жанды қинамайтын жеңіл жолмен ақша табу үшін небір құйтұрқы әрекеттерді ойлап табады. Мысалы, былтыр атышулы «Гарант 24» және «Estate Ломбард» ұйымдарының қаржы пирамидасы екені әшкереленді. Естіген ел сенбеді. Талай жыл бойы ломбардпыз деп елдің ақшасын, дүниемүлкін жинап келген ұйым қаржы пирамидасы болып шықты. Бұл расымен де алаяқтықтың ашық әрі сорақы көрінісі болған еді. Полицейлер бірден 15 өңірлік директорды қамауға алды. Осы ЖШСның тағы үш директоры мен үш құрылтайшысына іздеу жарияланды. Қылмыстық іс бойынша 48 адам күдікті деп танылды. Жалған ломбардтан 58 млн теңге тәркіленген. Тыйым салынған мүліктің жалпы сомасы – 1 млрд 700 млн теңгені құраған. Демек осындай мөлшердегі ақша қарапайым халықтан заңсыз жолмен келген. Күдіктілер соңғы жылдары азаматтардан 1572 көлік, 40 пәтер, жер үй, учаске қабылдап үлгерген. Ал ломбард атын жамылып жұмыс істегендер мыңдаған адамды алдағаны белгілі болды. Осылайша ақша іздеп әлекке түскен талай жұрт дүниесін алаяқтарға ұстатып, сан соғып қалды. Одан бөлек түрлі чаттар арқылы ақша айналымының түрлі жолдарын көрсетіп, елді уысына түсіріп жүрген алаяқтардың да саны артқан.
Арал аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Н.Шегебаев интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отыратынын айтады.
– Уақыт талабынан қалыс қалмай келе жатқан ғаламтордағы «әккілер» әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайннесие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып, қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатыны белгілі болды. Соның бірі – WhatsApp мессенджерінде анықталған «Бәс тігуден – кассаға» деп аталатын чат. Оны құрушы спорттық сайыстарға тиімді ставка тігіп, сол арқылы 50 пайыз кіріс алуды жарнамалап келген. Чат әкімшісі – Қызылорда облысының бір тұрғыны ватсап арқылы санаулы күнде ақшаңызды көбейтіп беремін деп, бірталай адамды жалпы соммасы 4 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен. Осындай кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SMS хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен, – дейді полиция подполковнигі Н.Шегебаев.
Өзгенің осындай сандырағына сеніп, қолындағы соңғы тиынына дейін санап берген жандардың бірі – П.Қосыбаева. Ол инстаграм әлеуметтік желісінде отырып әлдебіреудің салған кезекті жазбасына көзі түседі. «Ақша айналымын жасаймын, салған ақшаңызды санаулы сағаттарда еселеп беремін» деген сөздер жәбірленушіні өзіне тартса керек.
– Басында бәрі сенімді сияқты көрінді. Желідегі өзге де жазбаларын қарасам, аузынан Алласы түспеген жандардай. «Екі баланың анасымын, өзім де осы арқылы табыс тауып отырмын. Ешқандай да алдау емес. Сенбесеңіз осы ойыңызды өзгертуге 2-3 сағат уақыт жеткілікті. Әлі-ақ рақмет айтасыз» деген сынды сөздерінен соң мен Алла жолындағы адамнан ондай алаяқтық шығады деп ойлаған жоқпын. Сонымен не керек, қалтамдағы соңғы тиыныма дейін санап, әлгінің айтқан есепшотына салдым. Арада 2-3 сағат өткенде «Сіз кездейсоқ джекпотқа тап болдыңыз, ол үшін 25 мың теңге арқылы шарт жасасуыңыз керек. Сонда барып 700 мың теңгенің иегері атанасыз» деді. Мен ол сөзіне де сеніп, қолымдағы сақинаны өткізіп ақша қылуға бел будым. Өткізіп ақшасын алып келген соң, әлгімен байланыс орната алмай қалдым. Мені парақшасынан өшіріп, ізім-ғайым жоғалып кеткен. Бұдан кейін мен алаяқтықтың мұндай түрі де бар екенін білдім,– дейді П.Қосыбаева.
Тегін ақшаның тегінде опа бермесін білген дана халқымыз «Айдалада жатқан құйрық, ол не қылған батпан құйрық?» деп оңай олжаның опа бермесін бір ауыз сөзбен сипаттаған. Әсілінде, біз ақшаға құнығып, оң-солды бағамдамаудың аяғы сан соқтырарын естен шығармауымыз керек. Сондықтан әркім маңдай термен келген ақшаны бөгдеге берерде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.
Түйін. Қаржы пирамидаларының айқын белгісі жалпақ жұртқа кеңінен мәлім. Дегенмен де көп адам жалған мекемелердің жылы сөзі мен жарнамасына сеніп қалып жатады. Өйткені қазір «пирамиданың» сан түрі шыққан. Олардың қулығына құрық бойламайды. Әгәрәки жарнамасын асырып отырған компанияның заңды не заңсыз екенін білгіңіз келсе, мәмілесіне күмән келтірсеңіз, мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы «Салық төлеушілерді іздеу» сервисіне кіріп, бір тексеріп алғаныңыз жөн.
А.Бисенов
20 қараша 2021 ж. 339 0