Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған ел, берерім көп менің саған!

Туған ел, берерім көп менің саған!

Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Қаншама жылдар бойына көптеген ұрпақтың арманына айналған азат күніміздің көгімізде жарқырап, азаттығымыздың еншімізге тигені 30 жыл толып отыр. Санаулы күндерден кейін осы мереке де өз деңгейінде тойланғалы отыр. Бұл елдігіміздің, егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің биіктігін аңғартар ерекше күн.
Бірақ осынау отыз жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында айқын қолтаңбасы қалған Елбасының еңбегін де ескермеу үлкен қателік болар еді. Соған орай 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні республика көлемінде айшықты түрде аталып өтті.
Неліктен дәл осы күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып бекітілгенін көпшілік қауым жақсы біледі десек те, Елбасыға деген елдің сенімі алғашқы күннен бастап қаншалықты жоғары болғанын тағы бір еске салған артық болмас. Расында, 1991 жылы 1 желтоқсанда ҚР Президентінің бірінші бүкіл халықтық сайлауында зор сенімге ие болып, 98,78% дауыспен ел Президенті болып сайланғаны мәлім. Барша халық Тұңғыш Президентке өз тағдырын сеніп тапсырып, үлкен үміт күтті. Қазақ елі азаттық алған уақыттары Президент: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» – деген болатын. Еліміз Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны мен жаңа Ата Заңы, сондай-ақ ұлттық валютасы бар тәуелсіз ел болып жарияланғаннан бастап мемлекетімізді әлемнің көптеген елдері таныды. Мемлекетіміз аса беделді бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды.
Тұңғыш Президентіміз ел тағдыры үшін көптеген бағдарламаларды жүзеге асырды. Мәселен, тұрғын үй құрылысы мен Қазақстан халқының тұрмысын өркендету үшін біраз еңбек етті. Қазақ тілін бірінші орынға қойып, ел азаматтарын өз тілін қашанда биік ұстауды міндеттеді. Мемлекеттік тәуелсіздікті төрт аяғынан тең тұрғызып, ел болашағы үшін алдағы он жылдыққа жүйелі жоспар құрып, халық жағдайын жоғары деңгейге көтеріп, өз әділдігін дәлелдеді. Осындай қысқа уақыт ішінде нарықтық экономикаға бет бұрды. Қазіргі уақытта елімізде кәсіпкерлікті дамыту әлі де жүзеге асырылып жатыр. Аз уақыт ішінде мемлекетімізде 200 мыңдай шағын және орта бизнес кәсіпорындары ашылды. Расымен де, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.
«Бұтағы көп ағашқа құс қонар»  деген сөз біздің елімізге арналғандай. Себебі Қазақстанның көп қаласында түрлі ұлт өкілдері бір-бірін бауырлас көріп, тату-тәтті өмір сүреді. Салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды да құрметтеп, бейбіт елде бақытты күн кешіп жүргені анық. Иә, бұл жерде біздің ата-бабаларымыз да мекендеген. Бастарына қандай қиындық түссе де мойымай, аштық пен жоқшылыққа, қуғын-сүргінге де дес бермей, өз елін, жерін қорғаған. Сонымен қатар қазақтың жерін шығыс пен батысты жалғастыратын алтын көпір дейді. Осы жерден Ұлы Жібек жолы өткен және де еліміз пайдалы қазбалар қоймасы. Сондай-ақ жеріміздің де табиғаты тамаша емес пе?! Ертіс, Іле Алатауы, Әмудария және Сырдария өзендері мен жайқалған шөптерімен шексіз ұлы дала жатыр. Осындай тәуелсіз мемлекетте балғын бақытты жастық шағымызды өткізіп жатырмыз. Отанымыздың жарқын болашағына үлкен сеніммен қарайық! Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болсын!
Айсәуле Нұрланова
04 желтоқсан 2021 ж. 381 0