Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт Көшбасшысы

Ұлт Көшбасшысы

1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын. Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістіктері жетерлік. 30 жыл ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етті. Оның жарқын дәлелі – ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырып, Азиада ойындарын өткізуі, сонымен қатар көптеген халықаралық шараларға ұйытқы болуы, ЕХРО-2017 көрмесін өткізуі. Міне, осындай ауқымды шаралардың басы-қасында жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екендігі сөзсіз.
Еліміздің бүгінгі бағындырған биігі, жеткен жетістігі, дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін ке­ңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы – мұның бәрінде Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, қалт­­­қысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еліміздің баянды болуы­на қосқан үлесі өте зор! Нұр­сұлтан Әбішұлы тарихтың сындарлы сағатында биліктің басында болып, те­рең саясаткерлігінің арқасында елдің тәуелсіз дара жолын қалыптастыра білді. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды дамы­ған ел деп мойындады.
 1991 жылдың 1 желтоқсан күні тәуелсіз Қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жеткен еді. Мемлекет билігін қолға алғаннан бастап ҚР Президенті атқарған игі істер жетерлік. Мәселен, Мемлекет басшысының сол бір қиын-қыстау кезеңде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен-пара-пар еді. Әрине, мұндай қадамға бару жолында қаншама кедергілердің көп болғандығы да сөзсіз.
 Елбасының жетекшілігімен еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолын бастады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көшбастаушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Қазақстан әлемде өзінің саяси орнын айқындап алды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Жаһандық ядролық сынақсыз аймақ құру жөнінде ұсыныс берді. Әлем халқы Қазақстан басшысының ұлы бастамасына қолдау көрсетті. Ұлттың қамын ойлайтын, дамудың келешегін болжайтын дана саясат ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты 50 елдің қатарына қосты. Қазақстан кешегі тоталитарлық жүйенің түйіндерін шешіп, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды.
Тұңғыш Президенттің бастамасымен 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қолда­ныс­тағы Конституция қабылданды. Оны ма­­құл­даған халық, ұсынған Елбасы бола­тын. Конституция мемлекетіміздің бас­ты инс­титуционалдық негіздерін ор­нық­тыратын халық пен биліктің негізгі шарты, келісім құжаты, ұлттық идеология маңызына ие болды.
Бүгінгі қолданыстағы Қазақстан Рес­­­­­публикасының Конституциясы – Тұң­­­ғыш Президент Н.Назарбаевтың мем­­­ле­­кетшілдік идеясының құқықтық по­­зи­­циясының жүзеге асқан көрінісі. Кон­­ституция әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың дәстүр әдетіне иек артқан, интеллектуалдық қуатына бейімделген жаңа үдемелі өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат болды. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа Конституция негі­зінде жаңа сот жүйесінің іргесі қаланып, оның қызметінің қағидатты мәселелері реттелді. Ел тәуелсіздігінің негізі болған бар­­­лық тарихи заңдардың қабылдануын­да Тұңғыш Президенттің құқықтық ұстанымы шешуші рөл атқарды.
Тұңғыш Президент отыз жылда тәуел­сіз Қазақстанның тарихын өз қолы­мен жасап, әлем картасында жаңа Қазақстанның тарихын өзі жазды. Қазақстан дамуының жаңа кезе­ңінде халқымыздың бірлігін сақтау, тәуелсіздігіміздің туын жықпау жолында үлкен жұмыс атқарылды.
Тәуелсіздіктің әр сәті, күні қымбат. Қазір азаттықтың төртінші онжылдығына қадам бастық. Ал бұл ретте қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы және дамытудағы Елбасының рөлі мен өл­шеусіз еңбегін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Ұлт Көшбасшысының тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.
К. МАХСҰТ 
01 желтоқсан 2021 ж. 567 0