Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы 4 млн адамға көбейген
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы 4 млн адамға көбейген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі 10 желтоқсан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей халық сайлауы арқылы билікке келіп, ант берген күнімен сәйкес келіп отыр. Сонымен қатар 10 желтоқсан бүгінгі Қазақ КСР-нің Қазақстан Республикасы болып өзгерген күнімен сәйкес келіп тұр», – деп бастаған вице-премьер 30 жыл бұрынғы қиындықтарды еске алды.
«30 жыл бұрын Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әлсіреген мемлекет еді. Өмір сапасы бойынша біз бұрынғы одақтас елдердің арасында 13 орында тұрдық. КСРО құлағаннан кейін бұрынғы одақтастар арасындағы экономикалық байланыстың үзілуі шұғыл гиперинфляцияға, тұрақты бюджет тапшылығына, халық табысының шапшаң төмендеуіне, жаппай жұмыссыздықтың өсуіне әкеп соқтырды. Инфляция 3000 процетке жеткен кездері болды. Осындай күрделі кезеңде Ұлт көшбасшысы елдің дамуына негіз болған «Әуелі экономика, саясат содан кейін» дейтін стратегияны қабылдады. Тұңғыш Президенттің жеке басшылығымен қысқа мерзімде нарықтық экономикаға жол ашқан іргелі заңнамалық база құрылып, жаңа фискалдық және банк жүйесі енгізілді», – деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет басшысының орынбасары Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарды санмен сөйлетті.«Тәуелсіздік символының бірі ретінде ұлттық валюта – теңге айналымға шығарылды. Жаңа сауда-экономикалық байланыс орнату бойынша шаралар қабылданды. Нарық шарттарына кәсіпорындарды ғана емес, халықты да икемдеу керек еді. Бұл мүмкін болды. Отандық бизнестің даму жағдайы түбегейлі өзгерді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 2005 жылғы 500 мыңнан 2021 жылы 1,4 миллионға дейін артты. Нәтижесінде 30 жыл ішінде жалпы ішкі өнім көлемі доллар эквивалентінде 17 есе өсті. Осы шаралардың бәрі елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығына негіз болды. Халықтың табысы 10 есе артып, жұмыссыздық деңгейі 12,8 пайыздан 4,9 пайызға дейін азайды. 20 жылдың ішінде халықтың саны 4 млн адамға көбейді. Бүгін елдегі өмір сүру ұзақтығы 71-ке дейін ұлғайды. Ел тәуелсіздігінің басынан бері 1,5 млн азамат тұрғын үй жағдайын жақсартты. 5 мыңнан астам жаңа әлеуметтік нысан салынды. Соның арқасында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту үлесі 99 пайызға дейін жетті», -деді вице-премьер.
syrboyi.kz