Мемлекет қолдауына тәнтімін
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанғанымызға биыл 30 жыл уақыт толып отыр. Осы жылдар ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев уақыттың талабына сай жан-жақты мәселелердің түйісу нүктесін таба біліп, оны шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Халқымыздың әл-ауқатын жақсарту үшін қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді түгел пайдаланды. Соның ішінде көп балалы отбасылардың жағдайына мән берілгені көңілге қуаныш ұялатады. Тәуелсіздік алған жылдан бері мемлекетіміздің халықтың әл-ауқатының жақсарғанын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп беріп отыр.
Бұлай айтуымның себебі, биыл ауданда Болат Өтемұратов қорынан қаржы бөлініп, бірнеше отбасы жаңадан салынған үйге қоныс аудардық. Халықтың игілігіне арналып салынған тұрғын үй газ, сумен жабдықталған. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде заманауи үлгіде салынған үйді еншілеген күнгі қуанышымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Сонымен бірге қазіргі уақытта елімізде әрбір отбасының әл-ауқатын жақсарту негізінде барлық мүмкіндіктер жасалып келеді.
Иә, көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Олай дейтініміз, адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Ал көп балалы ана болу – нағыз ерлікке татиды десем, артық айтқандық емес. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлайды. Олай болса, бейбіт заманда баспанамен қамтамасыз етуді келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан мүмкіндік деп қабылдауымыз керек. "Әр баланың өз несібесі бар" дейді ғой үлкендер. Соған сәйкес өзім де көп балалы ана болғандықтан, әр бала өз несібесімен келеді деп есептеймін. Алайда, балаға үкіметтің қолдау көрсетуі біз секілді бірнеше бала өсіріп отырған отбасы үшін үлкен көмек. Қазақта "Адам ұрпағымен мың жасайды" деген сөз бар. Осындай берекелі, ынтымағы жарасқан еліміздің күн санап көркейіп, жетістікке жетіп жатқанына қуанамыз. Қазіргідей жаһандану заманында барлығы өз орнымен жақсы болатынына сенемін.
Гүлдария Мижанова,
көп балалы ана