Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицей: "Әйел азаматтар құйтырқы әрекеттерге жиі барады"

Қызылордалық полицей: "Әйел азаматтар құйтырқы әрекеттерге жиі барады"

Қазір еліміз бойынша “Алаяқтық” бабы бойынша қылмыстары өршіп тұр. "Жұмысқа тұрғызып беремін", "кезексіз пәтер алып беремін", "пайызсыз несие рәсімдеуге көмектесемін" дегендерге алданып, қолындағы қаражатын беріп, кейін сан соғып қалып жатқандар көп. Құқық қорғау органдарының мамандары мұндай заңсыз әрекетке көбіне әйел адамдардың баратынын айтады, жалған сөзге иланып қалатындар да нәзік жандылар екен. Қызылордалық тергеуші Нұрбол Нұрмағанбет Stan.kz тілшісіне алаяқтарға қалай алданып қалмауға болатынын айтып берді.

Нұрбол Нұрмағанбет Қызылорда облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасында 2018 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Осы уақытта полиция аға лейтенанты өзін сауатты әрі жауапкершілігі мол маман ретінде байқатты. Соның арқасында басшылық Нұрбол Бахытұлына күрмеуі қиын, үлкен мұқияттылықты қажет ететін қылмыстық істерді тергеуді сеніммен тапсырыпты.
"Мен бала кезімнен полицей болуды армандаған едім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы "Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері" университетінің "Құқықтану" мамандығы бойынша оқуға түсіп, тәмамдап шықтым. Сонымен қатар, "Еуразиялық технологиялық" университетінің құқықтану мамандығы бойынша "Құқық магистрі" болып табыламын. Армандаған мамандығыма келгенімде ерекше толқудың болғаны рас. Жүктелген міндет жеңіл емес, тапсырманы уақытында орындай білу керек. Абырой болғанда, Тергеу басқармасында тәжірибелі әріптестерім көмектесті. Аға-әпкелеріміз мүмкіндігінше қолдап, қателігімізді байқап отырады. Тәжірибе уақытпен жинақталатыны рас", - дейді жас полицей.
Нұрбол күрмеуі қиын қылмыстық істерді тергеумен айналысады. Айтуынша, соңғы кездері қоғамда алаяқтық әрекетке баратын жандар көбейген. Айласын асырып, өзгенің мүлкін заңсыз иемденетіндерге жаза қатаң. Соған қарамастан, өзгеге уәдені төгіп беріп, ақшасын алып, бой тасалайтындар аз емес. 
"Жасыратыны жоқ, қазір департаментке арызданып келушілердің басым көпшілігі –  алаяққа алданып қалғандар. Алаяқтық деп өзге адамның мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқығына заңсыз иемденудің кез келген түрін атайды. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады және басқаның сеніміне кіріп, қастық әрекет жасайды. Көбіне алаяққа алданып, сан соғып қалғандар "қылмыскер ақшамды қайтарып береді" деп күтіп жүреді. Шыдамы әбден таусылғаннан кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Бұл дұрыс емес, тергеу үшін маңызды уақытты жоғалтып алуы мүмкін немесе қылмыскер жағдайды пайдаланып, тығылып үлгереді", – дейді Нұрбол Бақытұлы.
Тәртіп сақшысының сөзінше, қазір технология дамыған заманда интернет-алаяқтарының саны артқан. Сондай-ақ, көпшілікке оңай табысты уәде ететін қаржы пирамидаларының жұмысы қарқын алуда. Жуырда Қызылорда облысында үш адамнан құралған қылмыстық топ 21 жәбірленушіге 22 млн теңгеден астам залал келтірген. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын Нұрбол Бақытұлы жүргізіп, нәтижесінде алаяқтар өз жазаларын алған.
"Қылмыскерлер мессенджерлерден арнайы чаттар ашып, жұмыс жасаған. Жарнаманы керемет етіп жүргізген. Кез келген салымшы 50 пайыз үстеме пайда алады деп сендірген. Жалған ақпаратқа иланған азаматтар қолдағы қаражаттарын пирамидаға салып жіберген. Соңында пайда көрмек түгілі, өздерінің қаржыларын ала алмай қалған. Қылмыстық топ мүшелерінің арам пиғылды әрекеттерін сотта дәлелдеу оңай емес екені белгілі. Бұлтартпас айғақтар мен дәлелдер керек болды. Күндіз-түні жұмыс жасадым, жан-жақты сараптама жасадым. Нәтижесінде, сот шешімімен заңсыз Қаржы пирамидасын құрғандар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Олар сот шешімімен жәбірленушілерге шығындарын өтеп беруге міндеттелді", – деп атап өтті тергеуші.
Нұрбол Нұрмағанбет алаяқтық әрекетке көбіне әйел адамдардың баратынын айтады. Қылмыскерлердің сөзіне сеніп, қолындағы қаражатын беріп жіберетіндер де нәзік жандылар екен. Полиция қызметкері мысал ретінде 2018 жылы Қызылорда қаласында орын алған оқиғаны келтірді. 
“2018 жылы Айгерім Көпжасарова есімді тұрғыны өзін белгілі шенеуніктің туысымын деп таныстырып, 58 адамға пәтер алып беруге уәде беріп, қомақты қаражат алып отырған. Жәбірленушілерге келген шығын 80 миллион теңгеден асады. Сот шешімімен алаяқ үш жарым жылға сотталды”, – дейді ол.
Бұған қоса, ішкі істер құрылымының қызметкері “Арам пиғылды азаматтардың арбауына қалай түсіп қалмауға болады?” деген сұраққа жауап бере кетті. 
"Қазіргі уақытта парасыз жұмысқа тұруға болады. Мемлекеттен кезексіз пәтер ала алмайсыз. Қолында қанша билігі болса да, жауапты маманның мұндай әрекеті заңсыз  болып табылады. Әдетте, алаяқтар - жақсы оратор. Әдемі сөзге, үйіп-төгіліп берілген уәдеге сенбеңіздер. Қылмыскерге тап болып, жапа шеккен жағдайда дереу құқық қорғау органындарына хабарласыңыздар", – дейді полицей.
19 желтоқсан 2021 ж. 558 0