Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыста ауыр жұмыс істеу жүрекке зиян

Қыста ауыр жұмыс істеу жүрекке зиян

Далада күн суықта ауыр жұмыс істеу жүрекке зиян. Әсіресе, қан қысымын көтеріп, артериалды қан тамырларын тарылтып жіберуі мүмкін. Бұдан адам өліп кетуі де ықтимал. Осылай деп ескертеді Америка Кардиология қауымдастығы (AHA).
Қыста қар күреу мен мұз ою ауыр жұмыс саналады. Өйткені бұған көп энергия мен күш-қуат кетеді. Оның үстіне, суық ауа-райы да жағдайды ушықтыруы мүмкін. Күн суықта жүріп адам қан қысымының көтерілгенін сезбей қалатын көрінеді. Әрі аяздан қан тамыры тарылып, қан қысымын одан әрі ушықтыруы ықтимал.

"Суықта жүріп қар күреген ер адамдардың жүрек соғысы мен қан қысымын өлшегенде, бұл көрсеткіштің қимыл-қозғалысы аз адамның атып тұрып белсенді аэробикамен айналысып кеткендегі жүрек соғысымен бірдей екенін аңғардық", - дейді Қауымдастық тарапынан жүргізілген зерттеу жұмысының жетекші авторы, профессор Барри Франклин.

Оның айтуынша, АҚШ-та жыл сайын қар күреп, мұз оюдан жүздеген адамның жүрегі асқынып қайтыс болады.

"Әсіресе, жүрегі ауыратын адамның қар күремегені дұрыс. Аз қозғалатын, семіздігі бар, диабетке шалдыққан адамдарға да қару күреуге болмайды. Жүрек талмасы мен инсульт алғандарға мүлдем", - дейді Франклин.

Сарапшылардың айтуынша, қарды асықпай, демалып күреген жөн. Әрі қарды лақтырғаннан гөрі күреген, итерген әлдеқайда жеңіл болмақ.

Егер жүрек пен кеуде тұсынан ауырсыну байқасаңыз, шаруаны тез доғару керек. Бас айналу мен тыныс тарылу да – жүрек ауруының белгісі. Ал қатты ауырса не ауыру 10 минут бойы кетпесе, бірден жедел жәрдемге хабарласыңыз.

Жүрек ауруын елемеу – қателік. Жүрек ауруына шалдықпаудың амалы - дұрыс тамақтану, көбірек қозғалу, ішімдік ішу мен темекі шегуден бас тарту, көп уайымдамау, ұйқы қандыру. 

massaget.kz
29 желтоқсан 2021 ж. 447 0