Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ – 2022: Жаңа өзгерістер мен ерекшеліктер

ҰБТ – 2022: Жаңа өзгерістер мен ерекшеліктер

Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініштер 2022 жылдың 21 қаңтарына дейін қабылданады . ҰБТ өткізу уақыты да өзгертіліп, 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізілетін болды. Бүгінде тестілеуге өтініштер app.testcenter.kz сайтында қабылдануда.

Биыл Арал ауданы бойынша 937 түлек мектеп бітіреді. Қаңтар айындағы тестілеуге осы уақытқа дейін 620 түлек өтініш беріп отыр.Тестілеуге қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушылары;
ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін;
ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар;
 ЖОО-ға ақылы негізде басқа білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар қатыса алады.
Тестілеуге қатысу құны – 5640 теңге. Тестілеуге қатысушылар ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өз еріктері бойынша таңдайды және тестілеу аяқталғанға дейін жеке кабинетіңіздің логині мен құпия сөзін сақтау керек.
Тестілеудің өткізілуі келесі мерзімдерге: 11 қаңтардан 29 қаңтарға; 12 қаңтардан 5 ақпанға; 13 қаңтардан 11 ақпанға; 14 қаңтардан 12 ақпанға; 15 қаңтардан 21 ақпанға; 17 қаңтардан 14 ақпанға; 18 қаңтардан 15 ақпанға; 19 қаңтардан 16 ақпанға; 20 қаңтардан 17 ақпанға; 21 қаңтардан 18 ақпанға; 24 қаңтардан 19 ақпанға ауыстырылды.
Бұл ретте басқа күндерге жоспарланған ҰБТ өз уақытында өтеді. Сонымен қатар академиялық кезең аяқталғанға дейін ЖОО-ға қабылданған тұлғаларды және ауысатын студенттерді оқуға қабылдау кезеңі ұзартылады. Тестілеу күндері туралы ақпарат тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу ҰБТ өткізу пункттерінде "1 тестіленуші – 1 компьютер – 1 камера" қағидаты бойынша электрондық форматта өткізіледі. Аймақтық тестілеу орталықтарында (АТО) барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, карантиндік шектеулер сақталады. Түсушілер тестілеу күнін, уақытын және орнын өз бетінше таңдай алады. Бір және бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмалар (ТТ) қолданылады. Тестілеу нәтижесі тестілеу аяқталған соң бірден беріледі
Апелляцияға мазмұны бойынша өтініштер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу барысында беріледі.
Тестілеу "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидаты бойынша өткізіледі (бұған дейін бір камера). Түсуші тестілеу жүйесіне әрбір кіру және шығу кезінде, компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканері арқылы авторизациялаудан өтеді; Тестілеу кезінде электр қуаты ажыратылған жағдайда немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажорлық жағдайларда, тестілеуді тоқтата тұру және ауыстыру туралы акт жасалады;  Мүгедек балалар және мүгедектер (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі;   Қазақстан тарихы пәні тест тапсырмаларының құрамына контекс мәндегі тест тапсырмалар енгізілді (2021 жылы олар тек бейіндік пәндерде болды);  Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеу ұзақтығы өзгертілді, тестілеу уақыты - 70 минут (бұрын 65 минут);  SAT (ЭсЭйТи – САТ), ACT (ЭйСиТи), IB (АйБи) халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар қалауы бойынша кейбір анықталған пәндерден ҰБТ тапсырудан босатылады; SAT, ACT, IB  халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға өтініштер қабылдау базасына сертификаттардың көшірмелері мен мәліметтерді енгізуі және өтініш беруі қажет.
Тестілеудің  бейнебақылау жазбаларын  және іс-қимыл журналын (логтарды) тексеру күнтізбелік жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. АТО-да тестіленушілер бір-бірден жіберіледі, жеке басын көлемді-кеңістіктік нысандағы сканер арқылы (Face ID) және жеке басын куәландыратын құжат негізінде сәйкестендіріліп кіргізіледі.
Тестілеуге қатысушының өзімен бірге болуы тиіс: жеке басын куәландыратын құжаты; 16 жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжаты жоқ тестіленушілер білім беру ұйымының бірінші басшының қолымен және мөрімен расталған білім беру ұйымынан анықтама және туу туралы куәлік.
Тестілеу барысында өз орнына "бөтен тұлғаны" кіргізуге талпынған түсушілерге ағымдағы жылғы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді. Металл іздегішпен тексеру аймағында тыйым салынған заттар табылған жағдайда акт жасалады және түсуші тестілеуге жіберілмейді.
Түсушіге рұқсат етілмейді: Түсушіге аудиториядан (компьютерлік сыныптан) дәліз кезекшісінің функциясын атқаратын тестілеу администраторының рұқсатынсыз және алып жүруінсіз шығуға; аудиториядан (компьютерлік сыныптан) 10 минуттан артық шығуға; сөйлесуге, орын ауыстыруға; құжаттармен және түсушіге жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парағымен алмасуға рұқсат етілмейді.
Ғимаратқа және аудиторияға (компьютерлік сыныпқа) оқу-әдістемелік әдебиеттерді, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін, калькулятор, фотоаппарат, ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған кез келген ұялы байланыс құралдарын, рациялар, ноутбуктер, плейерлер, модемдер, смарт сағаттар, сымды және сымсыз құлаққаптар және басқа да микроқұлаққаптар, сымсыз бейнекамераларды, GPS навигаторларды, GPS трекерлерді, қашықтан басқару құрылғыларын, сондай-ақ келесі стандарттарда жұмыс істейтін басқа да ақпарат алмасу құрылғыларын және тағы басқалар, шпаргалкаларды алып кіруіне және қолдануына және тестілеу алдында немесе тестілеу кезінде шулауға; тестілеу басталар алдында берілген А4 форматындағы қағаздарын өзімен бірге алып кетуге; тестілеу тапсырмаларының мазмұнын талқылауға және жария етуге; тестілеуге пайдаланылатын техникаға және қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге; тестілеу жүйесіне араласу әрекетіне және тестілеуден өтуге байланысты өзге де бұзушылықтарға рұқсат етілмейді. (Бұл ретте тестілеу өткізілетін компьютердің интерфейсіндегі калькуляторларды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі).
Өткен жылғы бастаманы жалғастыру мақсатында 2021 жылдың 8 желтоқсанынан бастап Ұлттық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп, тікелей эфирде әрбір пән бойынша ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн-сабақтар өткізуде.
Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір түлектің өз білімін осы тұста ойып тұрып көрсететін кезі, яғни он бір жылдық білімінің жемісі hәм жеңісі. Тестілеу мектеп түлектерінің келешек өмірі мен болашақ мамандығына алар жолдамасы іспетті. Жүйріктің бағы бәйгеде ашылса, үздік оқушының білімі ҰБТ-да көрінеді. Сондықтан алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектерге сәттілік серік болсын деймін.
Жадыра БАҚБЕРГЕНОВА,
ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның Қызылорда облысы Арал қаласындағы филиалының сарапшысы
15 қаңтар 2022 ж. 16 058 0