Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2019 жылы қаңтарда өтетін ҰБТ-ға кімдер қатыса алады?

2019 жылы қаңтарда өтетін ҰБТ-ға кімдер қатыса алады?

Келесі жылдан бастап талапкерлер қаңтар айында ҰБТ тапсыра алады. Алайда аталған тестілеуден кейін талапкерлер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, қаңтар айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Ол ақылы болады. Құны 2242 теңгені құрайды.
Белгілі болғандай, қыста өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге орта мектептердің 11-12 сынып оқушылары (2019-2020 оқу жылында ЖОО-да ақылы негізде оқу үшін), ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер қатыса алады.
«11-12 сынып оқушылары үшін қаңтар айында өтетін бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік білім беру грантына үміттенген талапкер 2019 жылғы жазда өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, қаңтар айындағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады.
Ал ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл (50 балл) жинай алмаса, оқудан шығарылатын болады», – делінеді министрлік хабарламасында.
Еске сала кетсек, қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елімізде мектеп түлектері қаңтардан бастап оқуға түсе алатынын мәлімдеген еді.
Stan.kz
24 қазан 2018 ж. 1 620 0