Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр жас аралығының өз дәрігері бар

Әр жас аралығының өз дәрігері бар

Денсаулық – зор байлық. Ал ол байлықты уыстан шығармау – адамның өз қолында. Ол үшін не істеу керек?
Тән саулығы күтімді қажет етеді. Зор байлықты сақтаудың басты амалы – саламатты өмір салтын ұстану және дәрігерге уақытылы қаралып тұру. Денсаулық сыр бермесе де, әр жаста бір тексеріліп, ағзаны қаратудың мән маңызы зор. Себебі әр жас келген сайын дәрігерге тексеріліп тұрған абзал.

20-30 жас аралығы

Бұл жас аралығындағы адамдарды денсаулығы көп мазалай қоймас. Бірақ медициналық тексеруден өтіп тұрғаны жөн. Бала кезден созылмалы дерті бар жандар болса, ем-шарасын жалғастырудың маңызы жоғары. Асқындырып алмау қажет.

20-30 жас аралығындағы адамдарды мазалайтын бір дерт болса, ол – омыртқаның қисаюы (сколиоз). Егер арқаңыз ауырып, өзіңізді жайсыз сезіне бастасаңыз арнайы дәрігер маманға көрінгеніңіз дұрыс.

30-40 жас аралығы

Бұл жас аралығында асқазан ішек жолдары және жүректі тексертіп тұру керек. Сондай-ақ қан құрамындағы холестерин мен глюкоза мөлшерін бақылауда ұстау қажет. Асқазан-ішек жолдарының, жүрек-тамыр және тірек-қимыл аппаратының аурулары болса, маманның бақылауында болыңыз.

Егер денсаулығыңыз мазаласа, онда түрлі тексерулерден өткеніңіз абзал. Гастроскопия, колоноскопия, жүректің эхокардиографиясы, ми тамырларын тексеру сияқты тереңдетілген зерттеулерден өтуге де болады.

35 жастан асқан әйелдердің ұрпақты болу жүйесінің онкологиялық ауруларын ерте анықтау үшін скринингтен, сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуінен өткені жөн. Әрине, мұндай зерттеуге бару қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ сіз өзіңіз денсаулығыңызға күтім жасауыңыз керек: мәселені неғұрлым тезірек анықтасаңыз, соғұрлым онымен сәтті күресуге болады.

40-50 жас аралығы
Бұл жас аралығында әйелдер жылына бір рет сүт бездерінің ультрадыбыстық және маммографиясынан өтуі керек, сонымен қатар жарты жылда бір рет гинекологқа барғаны дұрыс. Сонымен қатар ер адамдар урологқа көрінуі керек.

40-50 жас аралығында ерлер де, әйелдер де жүрек-қантамыр жүйесін тексертіп, электрокардиограмма және эхокардиографиядан өту керек. Ультрадыбыстық зерттеу арқылы асқазан-ішек жолдарын қарату қажет. Қалқанша безді де қаратуды ұмытпаңыз. Эндокринологқа қаралып, қант диабеті сынды ауруларға анализ тапсырған абзал. Егер бас ауру белгілері байқалса невропотологқа уақыт өткізбей қаралыңыз. Бұл жас аралығында қан құрамын да анықтайтын зерттеуден өтіп тұрыңыз.

50-60 жас аралығы

Бұл жас аралығында денсаулыққа баса мән беру керек. Жүрек-қантамыр жүйесін жиі тексертіп, жүйкені сақтаған абзал. Гастроскопия, колоноскопия медициналық талдауларынан міндетті түрде өту керек. Сондай-ақ қан құрамының биохимиялық сараптамасын жасату қажет.

60 жастан асқан соң

Егде жасқа келгенде онкологиялық аурулар және жүрек-қантамыр жүйесі, электрокардиограмма, эхокардиографиядан және толық тексеруден өтіп тұру керек. 60 жастан асқан соң кез келген ағзаның жұмысына мән берген абзал. Дәрігер мамандарға жиі қаралып, жыл сайын тереңдетілген медициналық сараптамалық талдауларды тапсыру қажет.

Кез келген жаста

Қай жаста болмасын, дәрігерге қаралып, тиісті анализдерді тапсырып тұру қажет. Осы арқылы көп дерттің алдын алуға болады. Жылына бір рет рентгенге түсіп, өкпені тексертіп тұрудың маңызы жоғары. Сондай-ақ жылына кемінде бір рет стоматологқа барып, тісті қаратуды да ұмытпаңыз. Кей дертке қарсы (қызылша, в гепатиті, дифтерия, сіреспе, т.б.) вакциналарды уақытылы салдырып тұрыңыз. Тұмауға қарсы да вакцинаны алуды ұмытпаңыз.

Денсаулық – зор байлық. Тәні саудың – жаны сау. Осыны әр кез жадыңызда ұстаңыз.

massaget.kz
14 қаңтар 2022 ж. 617 0