Блок-бекеттерде сақтық шаралары қатаң бақылауда

Тұрғындар қауіпсіздігін алдыңғы қатарға қойып отырған ішкі істер саласы қызметкерлерінің жұмысы қызу жүріп жатыр. Бұған көз жеткіздік. Арал қаласының шығыс бетіндегі кіреберісте құрылған "Арал АРК" бекетінде болып қайттық.
Мұндағы көлік қозғалысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Соған сай бекетті бақылап тұрған полиция қызметкерлерінің де жұмысы өте қызу. Қалаға кірген және шыққан көліктерді барынша бақылап, жете тексерілуде. Көлік жүргізу куәлігінен бастап, көліктердің жүк салғышына дейін қадағалау алдымен халықтың қауіпсіздігінің кепілі. Күн-түн демей қырағылық танытып тұрған олардың жауапкершілікті сезінуі қауіптің сейілгеніне деген сенімді нығайта түсті.
Тілдескенімізде блок-бекетте кезекшілікте тұрған Ақерке Сұлтанбекқызы:
– Бұл қалаға кіреберістегі ең үлкен бекет. Атқарылатын жұмыс та өте күрделі. Көлік қозғалысы күндіз-түні тыйылмайды. Тәулігіне 1000-ға жуық машина кірсе, дәл сол шамада көлік сыртқа шығады. Әсіресе күндізгі уақыт тіпті ауыр. Сондықтан күндізгі уақытта 4 полиция қызметкері кезекшілік жасаса, түнгі уақытта 2 қызметкер болады. Кезекшілік әр 12 сағат сайын ауысады, – дейді.
Сондай-ақ дәл осы біз болған бекеттегі ішкі істер органдарының қызметкерлерін аудан әкімдігі тарапынан үш мезгіл тамақтандыру мәселесі жолға қойылған.
Бұл бір ғана блок-бекеттегі көргеніміз. Мұнан бөлек қалада бір блок-бекет, ал аудан көлемінде тағы екі бекеттің барын ескерсек, аудандағы ахуал тұрақты деп анық айта аламыз. Тынымсыз ағылған көліктер қозғалысының өзі аудандағы тұрақтылық пен тыныштықты көрсетіп тұрғандай.
Талапқа бағынып, бірлікті бекем етсек, қиындықтың бәрі артта қалады. Бұл ретте ел тыныштығын күзеткен жандардың да өлшеусіз еңбегі барын ұмытпайық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ