Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің аудан тұрғындарына үндеуі

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің аудан тұрғындарына үндеуі

Қадірлі жерлестер!

Жыл басталғалы мемлекетіміздің көптеген аймақтарында наразылық шерулері орын алып, еліміз сындарлы кезеңді бастан өткерді. Бұл жағдайларды өз мақсаттарына пайдаланған содырлардың арандатушылық іс-әрекеттері мемлекетімізге қауіп төндірді. Елдегі жағдайды дер кезінде бағамдаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдап, бірнеше мәрте халыққа үндеу жариялап, құзырлы орындарға тиісті тапсырмалар жүктеді. Республика көлемінде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Осындай жедел әрекеттердің нәтижесінде қазір елдегі жағдай тұрақталды.

Маңғыстау облысынан бастау алған жағдайларға байланысты тұрғындар болып бас қосып, бейбіт түрде ел ішіндегі мәселелерді айтып, орынды талаптар қойдыңыздар. Біз Сіздер тарапынан айтылған барлық мәселелерге, ұсыныс-пікірлерге құлақ асып, талап-тілектеріңізді тиісті орындарға жеткіздік. Ал аудан көлеміндегі шешімін табатын мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау менің тікелей бақылауымда болады.

Осындай күрделі кезеңде елдің тыныштығын бұзатын әрекеттер мен тәртіпсіздіктерге жол бермей, сабыр мен түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Қазір өңірде сұйытылған газ, жанар-жағармай өнімдерінің сатылымына республика бойынша шектік баға белгіленді. Сонымен қатар облыс әкімі Г. Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеу жөнінде кәсіпкерлермен келісім жасалуда. Осы орайда аудандағы кәсіпкерлерге халықпен бірге болып, баға тұрақтылығын сақтап, негізсіз өсірмеу қажеттігін сұраймын.

Аудан бойынша төтенше жағдайға сәйкес негізгі шаралар мен шектеулер бекітілді. Атап айтар болсақ, аудан көлеміндегі азық - түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты күнделікті сағат 08:00 - ден 21:00 - ге дейін өзгертілді. Құқық қорғау органдарының бәрі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аудан аумағында блок - бекеттер орнатылып, ахуал үздіксіз бақылауға алынды. Оның 2-еуі Арал қаласының кіреберіс аумағында орнатылса, Сексеуіл кентінде және Қамыстыбас ауылдық округінде 1 блок-бекеттен орнатылды. Блок-бекеттерде заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан сақтық шараларына құлақ асып, төтенше жағдай режимінің талаптарын сақтауға шақырамын!

Ардақты ағайын!

«Ырыс алды – ынтымақ» - демекші әрдайым бірлігімізге берік болып, қасиетті құндылығымыз Тәуелсіздіктің қадірін ұғына білейік. Дамудың жаңа кезеңіне қадам басу жолында мемлекет басшысына қолдау білдіріп, барлық күшіміздің бірлікте екендігін көрсетіп, халқымыздың әл-ауқатының артуына біркісідей атсалысайық!

Тағы бір назар аударатын жағдай елімізде эпидемиологиялық ахуал қайта күрделеніп келеді. Соның ішінде біздің облысымыз қызыл аймаққа енгенін ақпарат құралдары арқылы хабардарсыздар. Атап өту қажет, ауданымызда да соңғы тәуліктерде індетке шалдыққан тұрғындардың 20 дерегі тіркеліп отыр. Сондықтан, басты байлығымыз – денсаулығымызды сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануымыз қажет.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Серік Сермағамбетов,   
Арал ауданының әкімі 

14 қаңтар 2022 ж. 357 0