Аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Қабылдауға Бөген ауылдық округінің бір топ тұрғындары келіп, балабақша, клуб, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені сынды нысандардың қажеттігін және ауыл ішіндегі құм жолдардың жеңіл автокөліктер үшін қиындық тудыратындығын айтты.
Бұл жағдайлардың бәрінен хабардар екендігін айтқан аудан басшысы алдымен өзекті деген мәселелерді шешу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды түсіндіріп өтті. Мәселен балабақша ғимаратының қажеттілігі үшін жеке кәсіпкерлерге ұсыныс беріліп, бірлескен шаралар атқарылуда, ал қалған әлеуметтік нысандардың құрылысы мен ауылішілік жолдарға қатысты жоба сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржы бөлінуі тиісті орындарға өтінім тапсырылған. Амбулатория салу үшін де жер телімі белгіленіп, кезектілігі жақындағандығын тұрғындарға жеткізді.
Қолөнер шеберлерін қолдау мәселесімен келген тұрғынның өтінішіне байланысты тиімді шешім қабылдау үшін жан-жақты жұмыс жасап, білім беру мекемелерімен, кәсіпкерлер мен жастар ресурстық орталығы арқылы ұсыныстар әзірлеуді сала басшыларына жүктеді.
Бұдан бөлек кітап дүкенін салу үшін жер телімін сұрай келген тұрғынға заңдылығына сәйкес өзінің сұраныс білдірген аймағынан қажетті жер беріліп, ал кәсіпкерлік саласын дамытуды қолға алған азаматқа қажетті кеңес беріліп, қолдау шаралары көрсетілетін болды.
Тұрғын үй қажеттілігіне байланысты жүгінген тұрғындардың өтінішіне сәйкес жауапты басшыларға олардың баспана кезегіне тұруын қадағалап, уақытша тұрғын жайлармен қамтамасыз ету үшін жұмыс жасауды тапсырды.
Жеке қабылдау қорытындысымен аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әр мәселе бойынша салалық орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, мәселелерді басты назарда ұстауды тапсырды.