Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада коменданттық сағат аяқталады

Қызылордада коменданттық сағат аяқталады

19 қаңтарда түнде сағат 00:00-де Қызылорда облысында енгізілген коменданттық сағат аяқталады. Бекітілген негізгі шаралар мен шектеулер алынады.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында облыс периметрі бойынша қойылған блок-бекеттер жұмысын тоқтатады.
Соңғы тәулікте тәртіп сақшыларымен төтенше жағдай режимін бұзған 14 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғындардан «102» арнасына 100-ден астам жуық қоңырау түсті. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, бір тәулік ішінде 14 қылмыс тіркелді. Мысалы, блок-бекеттен өтпек болған жолаушылардан есірткі табылды.
17 қаңтар күні қала аумағындағы Қызылорда–Жезқазған тас жолының 12 шақырымында орналасқан №2 блок бекетінде автобус тоқтатылып, қала тұрғынын тексеру барысында өз ұсынуымен курткасының қалтасынан темекі қорабына салынған 8 грамнан аса «марихуана» есірткі заты анықталды.
Бұдан бөлек, №1 блок бекетінде жеңіл автокөлікті тоқтатып, қала тұрғынын өз ұсынуымен тексеру барысында сөмкесінің ішінен қағазға оралған 1 грамнан аса «марихуана» есірткі заты анықталды.
Аталған екі дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Ішкі істер органдарымен халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде бүгінгі күні өңірімізде ахуал тұрақты.
Бұл ретте, Қызылорда облысының коменданты Сұлтан Бектөре ТЖ режимі кезінде қолдау көрсеткен облыс тұрғындарына, еріктілер мен ардагерлерге, аянбай еңбек еткен полиция қызметкерлері мен сарбаздарға алғысын білдірді.
«Қолдау білдірген облыс тұрғындарына алғысымды айтқым келеді. Сындарлы сәттен, қиналған шақтан елдің ауызбіршілігі мен татулықтың арқасында аман-есен шықтық. Біз өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қызмет етеміз. Қиын да жауапты сәтте кідірместен елімізді, халқымызды қорғау мақсатында қаруланған бұзақыларға тойтарыс берген полиция қызметкерлері мен сарбаздарға алғысым шексіз. Сіздерге және отбасыларыңызға ең бастысы амандық пен денсаулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілегін жеткізді Қызылорда облысының коменданты Сұлтан Бектөре.«Құрметті отандастар, баршаңызды заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа жол бермеуге шақырамын. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқықбұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу мақсатында заңда көзделген тиісті шараларды қолданады» деп атап өтті Қызылорда облысының коменданты Сұлтан Бектөре.

kyzylorda-news.kz​​​
19 қаңтар 2022 ж. 461 0