«Омикрон» өршіп барады
Күннен-күнге белең алып келе жатқан «Омикрон» штамы эпидемиялық ахуалды одан сайын ушықтырып жіберді. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 874 жағдай тіркелді. Індеттің өршуі еліміздің барлық тұсында байқалып, бүгінде 16 өңіріміз «қызыл аймақта» тұр.
Елімізде кейінгі айда індетке шалдығу 19,6 есе өсіпті. Бұл ретте репродуктивті сан 2,1 есе, Covid-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе артып, 50 мың тестке жетті.
Жағдайдың бұлай күрт нашарлауына коронавирустың «Омикрон» нұсқасының тез таралуы ықпал етіп отыр.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Омикрон» штамымен ауыру жеңіл және орташа ауырлықта жүретінін және шамамен 2 күндік қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталатынын, сондықтан көптеген пациент үйде емделетінін хабарлады.
«Аурудың алғашқы белгілері – тұмау көрінісінің пайда болуы, яғни тұмау мен жедел респираторлық аурулардағыдай қызба, әлсіздік, бас ауруы және жөтелдің байқалуы. Ауруханаға жатқызылған науқастардың үлес салмағы індет анықталған жағдайлардың 19,5%-ын құрайды. Стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесіндегі пациенттер түседі. Олардың ішінде үш күннен аса температураның жоғарылауы, ентігу, интоксикацияның айқын белгілері бар, сондай-ақ қауіп тобына жататын науқастар байқалады. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқастардың үлесі ауруханаға жатқызылғандардың 5%-ын құрайды, олар жансақтау бөлімшесінде жатыр», деді ведомство басшысы.
Амбулаториялық науқастар санының көбеюін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, уақтылы медициналық көмекті нығайту және ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды. Осылайша, 3 054 мобильді бригада, резервте 1 622 бригада жұмыс істейді. Індет жұқтырған науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері қарастырылған. Шұғыл медициналық көмекті
1 486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150 бригада бар.
Сонымен қатар А.Ғиният ел ауқымында локдаун енгізу жоспарланбағанын, қолданып отырған шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдетуге, коронавирус инфекциясынан болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталғанын, бұл ретте шұғыл көмек халыққа қолжетімді екенін атап өтті.
Өңірлердің ішінде елордада індет тым қатты ушығып тұр. Өткен тәулікте бір қаланың өзінен 4 874 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда 10 еседен аса көрсеткіш. Сондықтан да астанада 12 қаңтардан бастап қаланың бас санитарлық дәрігерінің шектеу және карантин шараларын қатаңдату туралы қаулысы қабылданды. Ashyq жобасына қатысатын объектілерде 30 адамға дейін еске алу шараларын қоспағанда, бұқаралық, отбасылық іс-шараларды ашық ауада да, үй ішінде де өткізуге тыйым салынады. Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан, концерт залдарының, филармониялардың, театрлардың, цирктердің, кинотеатрлардың, түнгі клубтар мен караоке барларының қызметі шектелді. Жұма намазы және діни рәсімдер сияқты ұжымдық іс-шараларға тыйым салынады. Сонымен қатар конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар өткізуге болмайды.
Сонымен қатар елорданың аудандық әкімдіктері тұсында 12 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Олардың қызметі шектеу және карантин шараларын бұзуға жол бермеуге бағытталған. Биыл кәсіпкерлік объектілерінде карантин шараларын бұзу бойынша фактілер тіркеліп жатыр. Осы орайда қалада төтенше жағдай режімінің тоқтауы карантин режімінің аяқталуын білдірмейтінін айта кеткен жөн.
egemen.kz