Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Омикрон» штамы: елордада ахуал күрделі

«Омикрон» штамы: елордада ахуал күрделі

Еліміздегі эпидемиялық ахуал қайтадан нашарлай бастады. «Омикрон» штамы анықталғалы бері індет жұқтырғандардың қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 087 жағдай тіркелді.

Бір тәулікте тіркелген індет жұқтыру жағдайының 70%-ға жуығы елордада анықталған. Нақтырақ айтсақ, 9 қаң­тар­да елордада 1 442 адамның корона­вирус жұқтырғаны анықталса, одан кейін Шымкент қаласында 123 жағдай тіркелген. Қалған өңірлерде тіркелген жағдай 100-ге жетпейді. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиялық ахуалдың тым күрделі болып тұрғанын көрсетеді.

10 қаңтардағы эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қы­зыл аймақта» тек елорда тұр. Ал «са­ры аймақтағы» Алматы, Шымкент қала­ларына енді Атырау облысы қо­сылды. Қалған өңірлер – «жасыл ай­мақта».

Бүгінде елімізде 22 064 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 3 001 пациент стацио­нарда, 19 063 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шал­дыққандардың арасында 186 адамның жағдайы ауыр, 57 пациенттің жағдайы өте ауыр, 38 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Covid-19 таралуына жол бермеу жө­ніндегі ВАК елордада «Омикрон» шта­мының таралуына байланысты қаладағы эпидемиялық ахуал күрт нашарлап кет­кенін, өткен екі аптада індеттің күніне 80 жағдайы тіркелсе, кейінгі бес күнде аурушаңдық деңгейі 5,5 есеге артып отырғанын хабарлады.

«Бүгінде қалада жаңа жағдайларды тіркеу саны 1 442-ге жетті. Қаңтардың ал­ғашқы 10 күнінде барлығы 4 622 жағ­дай тіркелді, бұл өткен желтоқсан айы­ның барлық көрсеткішінен 1,7 есеге артық екенін көрсетіп тұр. Өткен жыл­дың желтоқсан айының соңында жүр­гізілген молекулярлық-генетикалық зерт­теулердің нәтижелері бойынша бір сынамада КВИ-дің іріктелген 25 оң сынама­сынан «Омикрон» штамы анықталды. Бұл жағдай 16 желтоқсанда шетелден келген қала тұрғынында анықталды. Ол ПТР тестінің теріс нәтижесімен келді, бірақ 22 желтоқсанда тамақ ауруы­мен медициналық көмекке жүгінді, содан кейін тексеріліп, оң материалды тек­серіске жібердік. Мұндай күрт өсудің негізгі себептерінің бірі – «Омикрон» штамының таралуы және азаматтардың қала бойынша белсенді қозғалысымен байланысты, сонымен қатар сақтық шараларын елемеуі, маска тағу режімін сақтамауы, адамдар көп жиналатын жерлерге баруы. Егер сізде ПТР тесті оң болса немесе сіз науқастармен тығыз байланыс­та болсаңыз, онда сіз үй каран­тинінде болуыңыз керек, өйткені сіз бас­­қаларға үлкен қауіп төндіруші екені­ңізді ұмыт­пауды сұраймыз», делін­ген Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарламасында.

Елордалық инфекционист дәрігер Эльмира Әдішева «Омикрон» штамының белгілері туралы айтып берді.

«Коронавирустың «Омикрон» штамы дамудың екінші сатысынан өтіп, барынша жұқпалы, бірақ аз патогенділік деңгейіне жетті деген пікір бар. «Омикронға» қа­тыс­ты сұрақ әлі көп. Алайда кейбір оған тән симптомдар белгілі. Жаңа штамға тән ерекшеліктердің бірі – ол коронавирустың осыған дейін белгілі болған штамдарына қарағанда, дәм мен иіс сезу жоғалмайды. «Омикронға» тән симптомдар – жалпы әлсіздік, тамақтың ашуы, дене қызуының көтерілуі, дененің қақсап ауыруы мен құрғақ жөтел. Егер осы белгілерді бай­қа­­са­ңыз, бірден дәрігердің көмегіне жү­­гін­геніңіз жөн. Өздігіңізден диагноз қойып, ем қабылдауға болмайды», деді Э.Әді­шева.

Сондай-ақ инфекционист дәрігер жаңа штамды, сонымен қатар коронавирустың басқа да штамдарын жұқтырмауға про­филактикалық іс-шараларды сақтау мен вакциналау ғана көмектесетінін алға тартты.

Расында, «Омикрон» штамы ушы­ғып тұрған әлемнің басқа елде­рінде ко­ро­­навирустың бұл түріне шалдық­қан­дардың дені вакцина салдыр­мағаны айтылып жатыр. Сондықтан вакци­на­лауға самарқау қарауға болмайды. 10 қаң­тардағы мәлімет бойынша Қазақ­станда бірінші компонентпен 9 014 952 адам, екінші компонентпен 8 551 099 адам вакцина салдырды.

egemen.kz
12 қаңтар 2022 ж. 441 0