Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Педагогтерді жұмысқа қабылдау автоматтандырылады

Педагогтерді жұмысқа қабылдау автоматтандырылады

Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Болашақ педагогтерді дайындау сапасын арттыру үшін, салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талаптарына сай өзгертеміз. Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылады», деп айтты Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізіледі. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылып жатыр. Педагогтердің курстарының мазмұны да айтарлықтай өзгереді.

«Педагогтерді жұмысқа қабылдау, аттестаттау процестерін автоматтандыру жоспарлануда, EduKyzmet бірыңғай ақпараттық жүйесінде мұғалімнің жеке кабинеті, портфолиосы ашық түрде жиналады. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін өте маңызды. Сондай-ақ басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану үшін директорларды ротациялау рәсімі биылғы жылдан бастап толығымен жүзеге асырылады», деді министр.
01 ақпан 2022 ж. 398 0