Қызылордада газдың бағасы 18,47 теңге болды
«ҚазТранс Газ Аймақ» тұтынушылары үшін тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің бағасы осы жылдың 1 ақпанынан бастап 6%-ға төмендеді. Яғни, газды тұтыну бағасы 18,47 теңге болды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ өтім және газ режимі қызметінің бастығы Жолдасбек Әбенов мәлімдеді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша газдандырылған тұтынушылар саны 123 657 құрайды. Оның 120 931 тұрғын үй. Сонымен қатар, филиал қызметі тұтынушыларға газ есептегіштерін тегін негізде электрондық көрсеткіштен механикалық көрсеткішке ауыстыруды ұсынады.
«Электрондық газ есептегіші ұзақ уақыт пайдаланылатындығына және батареяның тозуына байланысты есептегіш істен шығады. Осы ретте газ есептегішінің клапаны іске қосылып, газ беру автоматты түрде тоқтайды. Көбінесе бұл жағдай әр айдың аяқталу күнінде немесе әр айдың 1-күніне ауысу кезеңінде болады. Сондықтан, тұтынушылардың көптеген өтініштері болған кезде, осы саланың мамандары газ беруді қалпына келтіру үшін есептегіштерді электронды түрде механикалыққа ауыстыруға бір уақытта орындауы мүмкін емес», – дейді Жолдасбек Ысқақұлы.
Сондай-ақ, бүгінде пайдаланылған газ үшін тұтынушылардың қарызы да қордаланып тұр. 2021 жылдың жылу маусымы қарсаңында халықтың қарызы шамамен 982 млн теңгені құраса, қазіргі таңда шамамен 721 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта Филиал дебиторлық қарызды төмендету жұмыстарын жалғастырмақ.
kyzylorda-news.kz