Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс аптасы жеңіл өтуі үшін демалыс күні не істеу керек?

Жұмыс аптасы жеңіл өтуі үшін демалыс күні не істеу керек?

Көпшілік дүйсенбіні ауыр күн ретінде қабылдайды. Алайда оның ауыр немесе өнімді өтуі өзімізге байланысты. Жұмыс аптасы жеңіл басталуы үшін демалыс күндері не істеу керек?

Егер сіз жұмыс күндері үйден шығуға 5 минут қалғанда оянатын, жүгіріп жүріп жиналатын, таңғы ас ішпейтін адамдар қатарына жатсаңыз, жұмыс аптасын өнімді бастай алмайтыныңыз және үнемі өзіңізді шаршаңқы сезініп, ашулана беретініңізге таңғалмауға болады. Жұмыс күндері мұндай жағдайлар орын алмас үшін сенбі және жексенбі күндері мына нәрселерді жасаңыз.

Жұмыс кестесін бір қарап шығыңыз
Дүйсенбі күні таңертең маңызды кездесуге кешікпес үшін және жоспарланған түскі асты ұмытып кетпес үшін жақын арадағы бірнеше күннің кестесін бір қарап шығыңыз. Мысалы, достарыңызбен кездесетін күнмен жиналыс өтетін күн бір күнде емес пе? Жұмыстар тізімін реттеп шығу арқылы уақытыңызды жоспарлай аласыз және күшіңізді бағалайсыз.

Алдағы бір аптаға шамалы тамақ дайындап қойыңыз
Әрине, демалыс күннің барлығын ас үйге жұмсау — ең жақсы шешім емес. Бірақ алдағы 4-5 күнге аздап тамақ дайындауға бірнеше сағатты арнауға болады. Аздап жартылай дайын өнімдер жасап, мұздатқышқа салып қоюға болады. Мысалы: фаршталған бұрыш, тұшпара және т.б. Күнде жұмыстан соң дүкенге кірмес үшін алдағы 5 күнге жететін азық-түлік әкеліп қойыңыз. Егер алдағы бірнеше күнге мәзірді ойластырып қойсаңыз, бір оқпен екі қоянды атасыз: дұрыс тамақтанасыз және жұмыс күнінен соң тамақ дайындауға ұзақ уақыт жұмсамайсыз.

Үйді реттеңіз
Бұл үйдің іші тазалықтан жылтырап тұру керек деген сөз емес. Әрине, егер сіз демалыс күндері жақсылап үй жинағаннан рахаттанатын адамдар қатарына кірсеңіз, солай жинауға да болады. Бірақ басқа жағдайда музыка қосып, үйді реттеп шығуға 30 минут уақыт жұмсауға болады. Мысалы: шкафтың ішіндегі киімдерді жинау, айналарды сүртіп шығу немесе жиналып қалған қағаздар мен чектерден құтылу. Қатты шашылып жатқан жерлерді жинап шықсаңыз, демалыстан соң жұмысқа жақсы көңіл күймен шығасыз.

Дүйсенбіге шаруалар тізімін жасаңыз
Әдетте, сенбі және жексенбі күндері демалатынымыз соншалық, дүйсенбіде ойымызды жинақтай алмай, бірінші кезекте не істеу керегін білмей, аң-таң боламыз. Сол үшін де демалыс күні шамамен дүйсенбі күні жасалуы керек жұмыстар тізімін жасаған жөн. Оған 5-10 минут уақытыңыз кетеді, есесіне ештеңе ұмытпайсыз.

Ерте жатыңыз
Тіпті, сүйікті сериалыңыздың соңғы бөлімі шықса да, оны кейінге қалдырыңыз. Фильм ешқайда кетіп қалмайды. Ал егер түнгі 2-де ұйықтасаңыз, дүйсенбі күні таңертең сергектік жайлы ойламауға да болады. Сондықтан ноутбукті сөндіріңіз, ұялы телефонды ары қойыңыз да, ұйықтап кетуге тырысыңыз.

Демалыңыз
Егер демалыс күндері түк шаруа бітірмей, жексенбі күні кешке қарай өзін кінәлі сезінетін адамдар қатарында болсаңыз, мына кеңеске құлақ түріңіз: қажетті шаруалардың барлығын (үй жинау, кір жуу, дүкенге бару және т.б) сенбі күні орындап, жексенбіні толықтай өзіңізге арнаңыз. Жексенбі күні серуенге шығыңыз, достарыңызбен кездесіңіз, спортзалға барыңыз, фильм көріңіз, үйде SPA-процедуралар жасаңыз және т.б. Яғни, сізге қуаныш сыйлайтын және демалтатын нәрселермен шұғылданыңыз. Сол кезде дүйсенбі күні өзіңізді жақсы сезінесіз.

massaget.kz
06 ақпан 2022 ж. 422 0