Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Іштегі майдан қалай құтыламыз?

Іштегі майдан қалай құтыламыз?

Іштегі майдан құтылу десе, бірден «ол сұлулық стандартына сай болғысы келеді» деген ой келеді. Алайда іштегі май денсаулыққа қатысты проблемаларды көрсетуі немесе болашақта соларға әкелуі мүмкін. Заманауи зерттеулер ішке май жиналу мен екінші типті диабет немесе жүрек-қан тамырлар жүйесі проблемаларының тікелей байланысы бар екенін көрсетеді. Бұл проблемалардың алдын алу үшін өзіңізді аш ұстауға және қатаң диеталар сақтауға кеңес бермейміз. Денсаулыққа зиян келтірмей қалай арықтауға болатынын қарастырайық.

Қант пен тәтті сусындарды азайтыңыз

Қанты көп өнімдерді көп жеу артық салмақтың пайда болуына және ішке май жиналуына әкелуі мүмкін. Ғалымдар қосылған қанттың зат алмасуға зиянды әсер ететінін айтады. Қант жартылай глюкозадан, жартылай фруктозадан тұрады. Біз көп қосылған қант жегенде бауыр фруктозаны шамадан көп алып, оны майға айналдыруға мәжбүр болады. Ал тәтті сусындар тіптен көп калория әкеледі. 

Сондықтан рациондағы қант мөлшерін әдеттегіден азайтып, тәтті сусындарды толықтай алып тастауға тырысыңыз. Оларға қант қосылған шай мен кофе, тәтті газдалған сусындар, құрамында қанты көп түрлі спорттық сусындар жатады. Бұның тәтті жемістерге қатысы жоқ.

Ақуыз мөлшерін көбейтіңіз

Ақуыз — арықтаудың негізгі элементінің бірі. Зерттеулер көрсеткендей, ол тамаққа құштарлықты 60%-ға азайтады, метаболизмді жылдамдатады және азырақ калория тұтынуға көмектеседі. Егер мақсатыңыз — салмақ тастау болса, онда рационға ақуыз қосу — ең тиімді әдістің бірі. Сондай-ақ ақуыз арықтауға көмектесіп қана қоймай, қайта салмақ қосу мүмкіндігін азайтады. Ол соның ішінде, іштегі майды азайтуда өте тиімді. Сондықтан құрамында ақуызы көп өнімдерді көбірек жеуге тырысыңыз. Оларға суға пісірілген жұмыртқа, балық, ет және сүтті өнімдер жатады.

Егер сіз вегетариандық немесе вегандық диетаны ұстансаңыз, бұршақтылар мен жаңғақтарға мән беріңіз. Егер бұл да көмектеспесе, ақуыз «қосудың» тағы бір әдісі — сапалы ақуыздық қосымшалар ішу. Мысалы: сарысу протеині.

Көмірсуларды азайтыңыз

Көмірсуларды азайту арқылы тиімді арықтауға болады. Рациондағы көмірсуларды азайту тәбеттің төмендеуіне әкеледі, нәтижесінде сантиметрлерден де, килограмдардан да арыласыз.

Мамандардың айтуынша, көмірсуы аз диеталар майы аз диеталарға қарағанда салмақтан бірнеше есе жылдам арылуға көмектеседі. Көмірсулары төмен диета сұйықтықтың тұрып қалуынан жылдам арылуға әкеледі, сондықтан бұл жылдам әрі елеулі нәтиже береді. Ол үшін тазартылған көмірсулардан аулақ болу керек: қант, кәмпит және ақ нан. Егер оған қоса, ақуызды көбірек жесеңіз, нәтижені бірден байқайсыз. Көмірсулары төмен диеталардың артық салмақтан арылудан басқа артықшылықтары бар. Мысалы, ол екінші типті диабеті бар адамдардың денсаулығын айтарлықтай жақсарта алады.

Жасұныққа бай өнімдер жеңіз

Жасұнықты көп мөлшерде жеу артық салмақтан арылуға көмектеседі. Тағамдық талшықтар суды «байлайды» және ішекте «тұратын» қою гель түзеді. Бұл гель, өз кезегінде, тамақтың ас қорыту жолындағы қозғалысын баяулатады. Бұл ас қорытуды баяулатып, қоректік заттардың сіңуін жақсартады. Соңында, тоқтық сезімі ұзаққа созылады және тәбет төмендейді.

Көбірек жасұнық алудың жақсы әдісі — өсімдіктен жасалған тамақтар жеу. Рационға көкөністер мен жемістер қосыңыз. Бұршақтылар және кей астық тұқымдастар, мысалы, тұтас сұлы — тағамдық талшықтардың тағы бір керемет көзі.

Спортпен айналысыңыз

Физикалық белсенділікпен шұғылдану — түрлі аурулардың алдын алудың ең жақсы әдісі. Оған қоса, ол іштегі майдан арылуға көмектеседі. Бұл күнде ішке пресс жасау керек деген сөз емес. Одан да ауырлық түсіретін жаттығуларға және кардиоға мән беріңіз. Мұндай жаттығулар бүкіл денедегі майды азайтады.

Сондай-ақ жылдам жүру, жүгіру, жүзу секілді аэробтық жаттығулар іштегі майды азайтуға көмектеседі. Физикалық белсенділік артық салмақтан арылғаннан кейін қайтадан май жинау мүмкіндігін азайтады. Бұл дегеніміз жаттығулар дұрыс салмақты ұстап тұру үшін аса маңызды. Жаттығулар жүйелі қабынуды азайтады, қандағы қант деңгейін төмендетеді және зат алмасуды жақсартады.

Тамақ жеуді қадағалаңыз

Көпшілік дұрыс тамақтанудың маңызы жайлы біледі. Алайда нақты не жеп жатқанына аса мән бере қоймайды. Ақуызды көп, ал көмірсуларды аз жеп жүрмін деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда оны қадағаламасаңыз, тамақ жеуді аса бағалап жіберуіңіз немесе бағаламауыңыз әбден мүмкін. Қадағалау дегеніміз, әр жеп жатқан тамағыңызды өлшеу емес. Бірақ арасында тамақтану күнделігіне қандай тамақты қанша жегеніңізді жазып тұру, мысалы, кейде бірнеше күн қатарынан жазу арқылы тамақтанудағы кей кемшіліктерді байқауға немесе түсінуге болады. Оның үстіне қазір осындайға арналған тегін қосымшалар көп.

massaget.kz

11 ақпан 2022 ж. 547 0