Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы

Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Сонау жылдары сарбаздар соғыстың қатеріне бел буып, ел үшін күресіп, жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Тарих жылнамасында өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне оралмады. Міне, осындай "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" сарбаздардың ерлікке толы істерін ұмытпау, ел жадында жаңғырту – бүгінгі ұрпақ парызы.Жақында осы мақсатта Арал аудандық білім бөлімінің қолдауымен Сексеуіл кентіндегі №283, №177, №87 және №231 орта мектептің 9-10-11 сынып  оқушылары арасында  "Ұлттың ұланы – елінің қорғаны" атты әскери-спорттық сайыс өткізілді. Аталған сайысты  №283 орта мектеп директоры Аман Жакебаев ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.  Ауған соғысының ардагері Аяз Беркімбаев:
– Ауған жерінде қару асынып, сын сағаттарда бір-бірімізге бауыр болдық. Бозбала шағында жат елге аттанып, соғысқа кірісіп, ел үшін аянбай күрескен батыр достарымды сағынышпен еске аламын. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Отанды қорғау жолында  әскери дайындыққа әзір  болу – әрбір азаматтың парызы. Елімізде өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ осындай батыр ағаларынан үлгі алып, бой түзеп өссе деймін, – деп өз естелігімен бөлісті.
Өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау, олардың спорттық шеберлігін көтеру, денсаулықтарын нығайту және тапқырлықтарын, ойлау қабілеттерін дамытуға арналған жарыста ереже бойынша командалар саптық элементтерді бөлімше құрамында орындау, АК-74 қаруын уақытқа толық емес бөлшектеп жинау, белтемірге тартылу, оқжатарды уақытқа жарақтау және әскери эстафета секілді шарттарды орындап, белсенділік танытты.
Айта кетейік, бұл сайысқа аудан мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Ақылбек Өтегенов, Нұрсұлтан Ермаханов, Амангелді Наурызов және Мұхтар Зейнуллаев төрелік етті.
Жастардың бойындағы отаншылдық сезімді нығайту, әскери қызметті насихаттау, еліміздің қарулы күштерінің имиджін арттыру мақсатында өткен сайыста шын мықты жеңіп шықты. Сөйтіп, жарыс қорытындысы бойынша  командалық  есепте  үшінші орынды №283 және №87 мектеп командалары өзара бөлісті. Екінші орынды №177 мектеп командасы иеленсе, бірінші орынды №231 орта мектептің "Сұңқар " командасы  еншілеп, жеңімпаз атанды.
Жүлделі орын алған сайыс қатысушыларын аудандық білім бөлімінің әдіскері Асхат Қожамбердиев пен  төрешілер, ауған соғысының ардагерлері арнайы дипломдар, кубоктар және грамоталармен марапаттады.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
15 ақпан 2022 ж. 758 0