Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ іс

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ іс

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері осы жылдар ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады.
Осыған орай, Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлері арасында әр апта сайын кемінде екі рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған техникалық сабақтар ұйымдастырылып өтуде.
Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.
Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үддесінен шығатынымыз сөзсіз.
Қазақстан халқы өз алдына ел болып, еңсесі биік жоғарғы мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.
Қызылорда облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит департаментінің
бас маманы, мемлекеттік аудитор
Қамзаев Қайрат Шәдібекұлы
24 қыркүйек 2018 ж. 6 754 0