Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық неден қырылды?

Балық неден қырылды?

Жуырда Арал ауданындағы Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдыны аумағындағы Сағынбай каналында балық шабақтарының қырылу фактісі белгілі болды. Осыған байланысты БАҚ өкілдері үшін баспасөз конференциясын өткізген мамандар бұл оттегінің аздығынан болған деген болжам айтып отыр.

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының мін­детін атқарушы Жанқожа Сапа­ровтың айтуынша, инспек­ция тарапынан арнайы топ құрылып, зерделеу жұмыстары барысында ұзындығы 1,2 шақырым, ені 16 метр болатын канал бойынан бірнеше ойық жасалып, судағы оттегі мөлшері 3,5 мг/дм³, температура 2,5ºС екендігі анық­талған.

Осы күні балықты сақтап қалу үшін қолдан оттегі беру жұмыстары қолға алынды. От­тегі жетіспеушілігінен бөлек балық­тың қырылуына судың аздығы, екі каналдың ортасының бөлініп қалуы, мұздың қалың­дығы да әсер еткен.

– Арал орман және жануар­лар дүниесін қорғау жөніндегі мемле­кеттік мекемесі қызметкерлері Сағынбай каналында 25 ойық жасап, мұз шұңқырларына қамыс салынды, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бас­пасөз конференциясында об­лыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Аяғанов.

Тиісті орын өкілдері балықтан және судан алған сынама бойынша сараптама жұмыстарын бас­тап кетті.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
Қызылорда облысы 


egemen.kz
24 ақпан 2022 ж. 945 0