Бірқатар өңірде боран соғады
Синоптиктер 25 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚР солтүстігінде, орталығында қар жауып, боран соғады, батысында жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді», делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Ақмола облысының оңтүстігінде, батысында, солтүстік-шығысында боран, күндіз солтүстікте - көктайғақ, батыста, оңтүстікте - тұман, солтүстік-батыста, шығыста 15-20 м/с дейін жел күшейеді.
Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында көктайғақ, бұрқасын, облыстың оңтүстік-батысында тұман, солтүстікте, шығыста жел 15-20 м/с дейін күшейеді.
Түнде Павлодар облысының солтүстігінде бұрқасын күтіледі, жел 18 м/с күшейеді, күндіз көктайғақ болады.
Қостанай облысының шығысында бұрқасын күтіледі, жел 15 м/с күшейеді, облыстың оңтүстігінде тұман, көктайғақ болады.
Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с күшейеді, Ақтөбе облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.
Түнде және таңертең Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстік-батысында, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.
Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының солтүстігінде, батысында тұман күтіледі.