Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала сүю – үлкен бақыт

Бала сүю – үлкен бақыт

Бала – әр отбасының ба­қыты, ұрпақ жалғас­ты­рушысы, ел болашағы. Қазақ халқы ежелден жарық дүниеге ұрпақ әкелуді, тегін жалғастыруды мұрат етеді. Дегенмен бүгінде бедеу әйел мен белсіз еркек қатарының азаймай тұрғаны елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына кедергі болып отыр. Қазірде шаңырағында нәресте күлкісін естуді армандайтын отбасылар біздің елде ғана емес, бүкіл әлемдегі жағдай екен белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен.   

Қазақтың қалыптасқан көзқарасында сәбилі бола алмаса, кінәні бірінші әйелден іздейтіні рас. Медицинада «бедеулік» әйелге де, ерге де байланысты айтылатын термин, яғни бедеулікке жұптардың екеуі де себепкер болуы мүмкін. Осындай өзекті мәселелерді назарына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын.
Президент бастамасымен өткен жылдан бері жүзеге асырыла бастаған "Аңсаған сәби" бағдарламасы қаншама отбасына бала сүю бақытын бұйыртты. Қазіргі дамыған медицинаның көмегімен қаншама адам дертіне дауа тауып, перзентті болып жатыр. Оның айқын дәлелі – экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ). Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
 Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады және жолдаманы қалай алуға болады, талаптары қандай? Осы жөнінде тоқтала кетсек. Бедеулік диагнозы қойылған жандарға арналған бұл бағдарламаға отбасылық жұптар мен  жеке адамдар да қатыса алады. Нақтысы, олар Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар бағдарлама тек репродуктивті, яғни бала көтеруге қабілетті 18 бен 49 жас аралығындағы адамдарға жағдай жасайды. Қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер, жоғары фолликулярлық резерв те маңызды саналады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы міндетті түрде өз еркімен жазбаша келісім беруі керек. Мамандар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер болған жағдайда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан (ЭКҰ) бас тартуы мүмкін.
 «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ-ға жолдама алу үшін үміткер алдымен тіркелген мекенжайы бойынша емханаға барады. Сосын үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне енгізеді. Арнайы тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емдеу шараларына дайындайды. Пациент жасанды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ жылына бір рет тегін жасалады. Егер бірінші талабыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз.
Елімізде осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бөлінген 7 мың квотаның  Қызылорда облысына 281-і өткен жылы берілсе, биыл 277 квота бөлініп отыр. Былтыр республика бойынша 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр. Бұл әйелдердің барлығы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуды көздейді.
– Қазіргі таңда Арал ауданында 14 әйел кезекте тұр. 2020 жылы –1, 2021 жылы 4 әйел жасанды ұрықтандыру бойынша сәби көтеріп, аман-есен перзент сүйді. Биыл жасанды жолмен ұрықтандырылған үш болашақ ана жүктілік бойынша есепте тұр. Барлығының денсаулық жағдайы жіті бақылауда, – дейді ауданаралық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаева.
Айта кетерлігі, Қазақстанда 1995 жылдан бастап 2020 жылға дейін 85 мыңға жуық ерлі-зайыптылар қосалқы репродуктивті технологиялар әдістерімен емделген. Деректерге сүйенсек, 2010 жылдан бастап елімізде "құтыдан" 25 мыңнан аса бала дүниеге келген екен. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКҰ орталық жұмыс істейді. Оның көпшілігі – жекеменшік клиникалар.
Сонымен, ұрпақты көбейтудің басты шарттарына дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, денсаулыққа аса мұқият болу жатады. Дей тұрғанмен бедеулік пен белсіздіктен айығудың жолы бар. Тек аурудың себеп-салдарын дер кезінде  анықтап, уақыт ұттырмай емделу қажет. Ол үшін сабырлы әрі пен шыдамды болу маңызды.

К. МАХСҰТ 
26 ақпан 2022 ж. 591 0