Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіршіліктің жалғасы ұрпақ деген...

Тіршіліктің жалғасы ұрпақ деген...

         Президент халыққа арнаған Жолдауында отбасылықдемографиялық ахуалдың алаңдаушылық тудырып отырғандығын баса айтты. Оның негізгілерінің бірі ретінде еліміздегі әрбір алтыншы отбасының бала сүйе алмай отырғандығын айта келе, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды.
Лаура Иманбайқызы.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ЭКҰ бағдарламасы елімізде 2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған. Қазіргі кезде Қазақстанда 26 ЭКҰ орталық жұмыс істесе, оның 21-і жекеменшік саналады. Осы уақытқа дейін бұл әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген. Ал республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, елімізде 9 мың 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл 1105 ЭКҰ-ға 943 миллион 800 мың теңге қарастырған. Келесі жылы басталатын «Аңсаған сәби» бағдарламасына сай экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбеймек. Яғни бағдарлама аясында пациент жылына бір рет ЭКҰ жасай алады.
          Адам баласы қашанда бір үміт, бір сеніммен өмір сүреді. Алдынан тек жақсылық пен қуаныш күтеді. «Бір кем дүниесі» бар өмірде үмітті жалғау үшін тәуекелдерге де барады. «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы, бедеулік мәселесімен айналысқанына 32 жыл, ал экстракорпоральді ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы ретінде енгізгеніне 25 жыл толған Салтанат Байқошқарова «Өмірге ұрпақ әкелудің жауапкершілігі өте зор. Құдайдың бұйыртпаған нәрсесін қанша маңдай теріңді төгіп, еңбектенсең де жасай алмауың мүмкін. Жаратқан ие әр адамның өз ниеті мен пейіліне беретін шығар. Құдіреті күшті Жаратқанның бұйыртатын бақытына, қуанышына біз медициналық жолмен дәнекер боламыз» деген екен өз пікірінде.
          Ал Президент Жолдауы аясындағы әлеуметтік басымдықтарды талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында «Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған да қуанатынбыз. Бірақ кешегі Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр» деген С.Байқошқарова бұл квотаның еліміздегі бедеулік мәселесін 100 пайыз шеше алмайтындығына назар аудартты. Сонымен бірге ең басты мәселе ретінде елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ екендігіне тоқталып, цифрландыру заманында қанша адамның бедеулікке ұшырағандығын анықтауды және тіркеу мәселесін дұрыстау арқылы база, тізілім жасау қажеттілігін айтты.
          Сонымен қатар саланың басты мәселесі ретінде маман жетіспеушілігі, яғни репродуктолог-дәрігерлердің саусақпен санарлық екендігі де назардан тыс қалмады. Тәжірибелі маманның пікіріне сүйенсек, бедеулік дерті негізінен түсік жасату мен суық тигізуден, түрлі инфекциялардан, дұрыс тамақтанбаудан, ішімдік ішуден, темекі шегудің әсерінен де болады екен. Денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметі бойынша, 50 пайызы адамның өзіне байланысты болса, қалғанына экологиялық факторлар, яғни қоршаған ортаның, ішіп жатқан суымыздың, жеп жатқан тамағымызға және генетикалық факторларға, яғни сіздің ағзаңыз қандай ауруға бейім соған байланысты болады деп айтылуда.
           Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығының ЭКҰ бөлімі бедеуліктің себепсалдарын саралап қана қоймай, мүмкіндік болса, келушілерге кешенді емдеу арқылы табиғи жолмен балалы болуға көмектесуде. Деректерге сүйенсек, емдом алған соң, құрсақ көтеріп кеткен аналар көп. Емдеу нәтиже бермесе, ЭКҰ әдісі қолданылады. Сондай-ақ орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетін отбасылар көп. Америка, Франция, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктерінен де келетіндер бар. Тіпті тоғыз рет ЭКҰ көмегіне жүгініп, оныншы рет осы орталықта жолы болғандар бар екен. Орталықтың ЭКО бөлімінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Г.Өтепованың: «Бедеулік секілді өзекті мәселеде уақыт созбай тәжірибелі репродуктолог- дәрігерге жүгінген жөн. Өкінішке қарай, көп отбасылар 10-15 жыл бойы бала көтертемін деп уәде беретін халық емшілеріне, бақсы-балгерге сеніп жүре береді. Кейбіреулер біліктілігі төмен дәрігерлерге барып емделіп, уақыт жоғалтады. Мен соңғы нүктені медицина емес, Алла тағала қоятынына сенемін. Егер Жаратушы қаламаса, мың жерден ЭКҰ жасатсаңыз да бала көтере алмайсыз. Алдыма келген әрбір адамға «Баланы Құдайдан сұраңыз, Құдайдан тілеңіз, біз тек себепші ғанамыз. Біз тек алған білім, көрген тәжірибе, дамыған технологиямыз арқылы көмектесе аламыз деймін» деген кеңесінің көпке көмегі болып, ой салса дейміз.
         Ал аудандағы жағдайға байланысты Арал ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы А.Мектепбаева:
          –Әйел бақыты – бала сүю. Өкінішке орай, мұндай бақытқа қол жеткізе алмай жүрген жұптар аз емес. Себептері де түрліше. Сондықтан оларға уақыт өткізбей дәрігерлерге қаралу жөнінде кеңес береміз. Ауданда бала туу жасындағы әйелдер саны өткен жылы 14610 болса, биыл 14628-ді құрап отыр. 2018-2019 жылдар аралығында берілген квотаның көмегімен 5 ана ЭКҰ бойынша қалыпты босанып, сәбилі болды. Ал биылғы жылғы кезекте 1 әйел бар. Президент Жолдауында айтылғандай, квота санының артуы көптеген отбасыларды қуанышқа бөлеп, халық санының артуына да себеп болады,– дейді.
         ...Үйінің босағасы – алтыннан, табалдырығы – күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, әр адам болашағын, өмірінің, тіршіліктің жалғасы болар ұрпағының қамын көп ойлайды. Президенттің «сәбилі болсақ» деп жүрген жұптардың үмітін жалғауға арналған бағдарламасы берекелі болып, әр шаңыраққа қуанышын сыйласын дейміз.
12 қыркүйек 2020 ж. 572 0