Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық қорғау – ауқымды сала

Азаматтық қорғау – ауқымды сала

Әр мамандықтың маңызы бар. Қоғамда қай салада болмасын қызмет жасап жүрген жандардың еңбегі ерекшелігімен бөлектеніп тұрады. Мемлекеттің дамуы мен қауіпсіздігі, тұрақтылықтың сақталуы мен бірліктің бекемдігі үшін еңбек ететін түрлі саланың арасында азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің де орны ерекше.
Адам өмір бойы әр түрлі қауіп-қатерге кездеседі, сол себепті өмір сүруге, медициналық қызмет алуға, азаматтық қорғанысқа, қауіпсіздікке, болуы мүмкін қауіп-қатерлер туралы мәлімет алуға, қауіп-қатерлер орын алған жағдайда, оның зардаптарынан және басқа да төтенше жағдайлардан қорғалуға құқылы.
Осыны түйіндей келе, халықаралық қауымдастық, болуы мүмкін апаттарды жою және олардан зардап шеккендерге көмек беруде мемлекетаралық шараларды үйлестіретін халықаралық ұйым құру қажет деп тапты.
Соның нәтижесінде 1972 жылдың наурыз айында Азаматтық қорғаныстың Халықаралық Ұйымы құрылды. Міне, осылайша 1972 жылы ХАҚҰ-ы үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болған сала 1990 жылы Бас Ассамблеяның Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының (ХАҚҰ) 9-шы сессиясында Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күнін жыл сайын 1 наурызда атап өту туралы шешім шығарылды. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні азаматтық қорғау мен қорғаныс ұлттық қызметтері атқаратын маңызды мақсаттарына қоғам назарын аудару үшін аталып өтеді.
Бүгінде бұл саланың әлеуеті артып, мемлекет үшін маңызды қызметтердің біріне айналып үлгерген. Қызығы мен қиындығы, қауіп-қатер қабаттаса жүретін азаматтық қорғаныс құрамалары азаматтық қорғаныс бастықтары, жұмысшылар, қызметшілер және басқа тұрғындар есебінен жасақтайтын жалпы және арнайы мақсаттағы жасақтар, топтар, буындар мен бригадалардан тұрады. Олардың негізгі мақсаты да қауіпсіздік пен төтенше оқиға орын алған жағдайда зардап шеккендердің әскери емес және корғаныс шараларын жүргізуге, құтқару, талқандалған ошақтарды жедел калпына келтіру және апаттар мен күтпеген қатерлердің зардаптарын жоюға бағытталады. Талқандалған ошақтардағы құтқарумен қатар оларға алғашқы медициналық көмек көрсету шараларын да осы саланың қызметкерлері жүргізеді. Құрама командирі бөлімшені тікелей немесе штаб арқылы басқарады. Қарсыластың шабуыл каупі төнгенде және азаматтық қорғаныс сигналы бойынша құрама ұрысқа дайындық қалпына келтіріледі.
Бұл жерде азаматқа төнген қандай қауіп болса да қызметтік борышын адал өтеп, тәуекелге тартынбай баратын топ мүшелері тіпті радиациялық қауіптен де кері шегінбейді. Осы ретте радиациялық қауіп жайлы айта кетсек. Жалпы радиациялық қауіп – радиоактивтік зақымдану қаупі туралы халықты алдын ала сақтандыру үшін берілетін заматтық қорғаныс сигналы. Сигналды берумен қатар, халыққа нақты қорғану шаралары, атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдары мен қорғаныс ғимараттарын пайдалану ұсынылады. Жүріс-тұрыс режімін және қорғаныс ғимараттарынан шығуды тиісті штабтар мен азаматтық қорғаныс бастықтары белгілейді.
Міне, азаматтық қорғаныс – мемлекеттік қорғаныс шаралары жүйесінің құрамдас бөлігі. Жергілікті халық пен халық шаруашылығын жау шабуылынан, жаппай қыру қаруынан, табиғат апаттарынан, өзге де төтенше жағдайлардан қорғау және қорғану шараларын үйретуді мақсат еткен сала мамандары су тасқыны, сел, жер сілкінісі, өрт болған аймақтарда құтқару жұмыстарын жүргізумен қатар халыққа жау шабуылының немесе табиғат апатының қаупі туралы алдын ала хабарлап отырады. Сондай-ақ азаматтық қорғаныс бейбіт кезеңде және соғыс уақытында жаппай қыру қаруынан сақтану үшін арнайы қорғаныс жайларын салу, жеке бас қорғаныс жабдықтарын дайындау, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, оларға қорғану тәсілдерін егжей-тегжейлі үйретуді де қоса атқарады. Соғыс кезінде өндіріс орындары мен мекемелерде жұмыс тоқтамау үшін әртүрлі ұйымдастыру және инженер-техникалық шаралар жүргізіледі, нақты өндіріс орындары қорғалады, электр энергиясын шығару көздері, газбен, сумен қамтамасыз ету қорлары жасалады.
Міне, осыншама міндетті мүлтіксіз атқаруға тиісті орын қызметкерлері жетекші сала бола алатыны даусыз.

Серік ИБРАЙМОВ,
№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі
бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны
01 наурыз 2022 ж. 517 0